Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда қарыздар мен микрокредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесі бекітілді

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2025 жылғы 24 желтоқсанда бірлескен қаулы қабылдап, қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейлерін белгіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Банк қарыздары бойынша шекті мөлшерлемелер

Екінші деңгейлі банктер және жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар беретін қарыздар үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мына деңгейден аспауға тиіс:

• кепілсіз банк қарыздары – 46%;
• кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздары – 35%;
• ипотекалық тұрғын үй қарыздары – 25%.

Микрокредиттер бойынша талаптар

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер үшін шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 46% деңгейінде белгіленді.

Ал мерзімі 45 күнтізбелік күнге дейінгі және сомасы 45 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі:

• тәулігіне 0,3%-дан төмен,
• бірақ жиынтығында 179%-дан аспауы тиіс.

Мұндай микрокредиттер микрокредит беру шартының міндетті талаптарына және оны өтеу кестесінің бекітілген нысанына толық сәйкес келген жағдайда ғана көрсетілген мөлшерлеме бойынша ұсынылады.

Маңызды шектеу

Банк қарызы немесе микрокредит беру шарты жасалған күні, сондай-ақ сыйақы мөлшерлемесі өзгертілгенде немесе қарызды беру мен қызмет көрсетуге байланысты жаңа комиссиялар мен өзге де төлемдер енгізілген жағдайда, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі белгіленген шекті деңгейден аспауы қажет.

Қашан күшіне енеді?

Аталған қаулы 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы