Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда қант өндірісі бойынша екі зауыт салынады

2 Желтоқсан 2025, 10:55
274
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында стратегиялық қадамға барды. Түркияның ірі индустриялық Cengiz Holding компаниясы елде екі жаңа қант зауытын салуға 500 млн доллар көлемінде инвестиция салуға дайын екенін растады. Бұл туралы Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен холдингтің директорлар кеңесі мүшесі Дженгиз Шабанның кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Импортқа тәуелділікті азайту – басты мақсат

Бүгінде Қазақстанда төрт қант зауыты жұмыс істейді. Соның үшеуі жылына 870 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеу мүмкіндігіне ие. Алайда қанттың жылдық тұтыну көлемі шамамен 500 мың тонна, ал ішкі қажеттіліктің тек 14%-ы ғана отандық шикізаттан өндірілетін өніммен қамтамасыз етіледі. Бұл көрсеткіш саладағы жүйелі мәселелерді айқын көрсетеді.

Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қант өндірісін дамыту - тұтыну нарығындағы тұрақсыздықты төмендетудің және импортқа тәуелділікті азайтудың негізгі шарттарының бірі.

Жаңа өңдеу қуаттарын құру және тұрақты шикізат базасын қалыптастыру -мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Cengiz Holding бастамасы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық маңызды қадам, – дейді министр.

Қазақстанда қант өндірісі бойынша екі зауыт салынады

Жаңа зауытта 300 мың тоннаға дейін қант өндіріледі

Түрік инвесторлары Қазақстанда екі қант зауытын салу мүмкіндігін қарастырып отыр. Олар толық пайдалануға берілген соң жылына 300 мың тоннаға дейін қант өндіре алады. Бұл — елдің қантқа деген ішкі қажеттілігінің жартысын жаба алатын елеулі көрсеткіш. Қазіргі уақытта зауыт салуға ықтимал өңірлер ретінде Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары зерттеліп жатыр.

Инвесторлар жобаға 10 жыл ішінде 500 млн доллар көлемінде қаржы салуды жоспарлап отыр. Зауыт құрылысы келесі жылы басталып, екі жылдың ішінде аяқталуы тиіс.

Жоба қант өндірісінен бөлек, аралас салалардың дамуына да серпін береді.

Бұл ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі арасындағы кооперацияны күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлердегі экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Кездесу соңында министрлік пен Cengiz Holding өкілдері жобаны іске асыру жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Қазақстанда қант өндірісі бойынша екі зауыт салынады

Қазақстан соңғы жылдары қант тапшылығын бірнеше рет бастан өткерді. Бағаның құбылуы, сыртқы нарыққа тәуелділік және логистикалық шектеулер бұл саланың әлсіздігін көрсетті. Сондықтан Cengiz Holding-тың бұл инвестициялық бастамасы ел үшін тек жаңа зауыттар салу емес, тұрақты қант өндірісінің жаңа кезеңін бастайтын қадам болуы мүмкін.Ауыл шаруашылығы: Қазақстанда қант өндірісі бойынша екі зауыт салынады

Өзгелердің жаңалығы