Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда қанша мектеп оқушысы бар?

1 Қыркүйек 2025, 20:45
658
Бөлісу:
 Оқу-ағарту министрлігі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Елімізде жаңа оқу жылы басталды, бүгін Қазақстан бойынша 8 мыңнан астам мектеп 4,1 миллионнан астам оқушы үшін өз есіктерін қайта ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ал 363 461 бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Оқу-ағарту министрлігі заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Атап айтқанда, жаңа мектептер салу және ескі мектептерді қайта жаңғырту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды:

  • 127 мектеп реновация бағдарламасы аясында жөнделді, жыл соңына дейін олардың саны 245-ке жетеді;
  • шамамен 1 000 мектепте модернизация жұмыстары жүргізілуде — олар заманауи жабдықтармен және функционалды оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі;
  • 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Соның тең жартысы ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Бұл шаралардың нәтижесінде еліміздің білім беру жүйесі қосымша 100 мыңға жуық жаңа оқушы орнымен толықты. Бұл — мектептегі орын тапшылығын шешу және әр балаға жайлы білім алу жағдайын жасау жолындағы маңызды қадам.

Білім күніне арналған мерекелік шаралар республикадағы барлық мектепте өтті. 

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері оқушыларды, мұғалімдер мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға жаңа жетістіктер мен жарқын табыстар тіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда оқу процесі 2 қыркүйектен басталып, 25 мамырға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы