Қазақстанда қандастар үшін Грин картаға ұқсас жүйе енгізіледі

13 Желтоқсан 2022, 15:58
1195
Бөлісу:
Қазақстанда қандастар үшін Грин картаға ұқсас жүйе енгізіледі

Қазақстан қандастар үшін Грин картаға ұқсайтын жүйе енгізеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Президентінің тапсырмалары шеңберінде Еңбек министрлігі Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі және ол 30 қараша күні Үкіметпен бекітілді.

Осы тұжырымдамада этникалық көші-қонды реттеу қарастырылып отыр.

Бұл бағыт бойынша негізгі екі мәселе бар. Біріншісі, шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта «Ата жолы» картасын (американдық Грин картаға ұқсас) енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өз елдерінде бизнес-кейстерді сәтті іске асырған әрі оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықылас білдірген ұлты қазақ азаматтарға беріледі, - деп айтты Ілияс Испанов.

Сондай-ақ тарихи Отанын дамытуға қосқан үлесі үшін оларды жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен  марапаттау ұсынылып отыр.

Екінші бағыт - елге келетін қандастар көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. Яғни еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды ресімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерімізге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады, - деп атап өтті Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.

1991 жылдан бастап елімізге 1 млн 105,7 мың этникалық қазақ келген. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша тарихи отанына келіп қандас мәртебесін алған 17 888 этникалық қазақ бар. 

Жыл басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (63,5%) Өзбекстаннан болса, ҚХР-дан 8,6%, Түркіменстаннан 9,1%, Моңғолиядан 4,9%, Ресейден 9,9% және басқа да елдерден 4,0%.

Өзгелердің жаңалығы