Елімізде қазақ тілінде оқытатын сыныптардың саны өсіп жатқанымен, орыс тіліндегі сыныптарды жабу жоспарланбайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, сыныптардың ашылуы ата-аналардың таңдауына ғана байланысты.
Ондай жоспар жоқ, бірден айтайын. Сыныпты таңдау – ата-ананың құқығы, сондықтан сыныптар да сол таңдауға қарай ашылады. Қазір, көріп отырғандарыңыздай, балаларын қазақ тілінде оқытқысы келетін ата-аналардың саны артып келеді. Бұл – табиғи үдеріс. Мемлекеттің арнайы жоспары немесе бағдарламасы жоқ. Ең бастысы – кез келген білім беру ұйымында сапалы оқытуды қамтамасыз ету, – деді министр.
Ғани Бейсембаев мемлекет үшін басты міндет – оқыту тіліне қарамастан, жоғары деңгейдегі білім сапасын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Айта кетейік, министр Ғани Бейсембаев "Мектепке хиджабпен келуге бола ма?" деген сауалға жауап берген еді.