Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда орташа жиынтық зейнетақы 179 мың теңгеге жетті

15 Желтоқсан 2025, 10:20
61
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. 2025 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) 70 пайызына дейін ұлғайтылды, ал 2027 жылға қарай ең жоғары мөлшерін ЕТКД-ның 120 пайызына жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ЕТКД-ның 70 пайызы, ал ең жоғары мөлшері 110 пайызы деңгейінде белгіленді.

Мемлекеттік зейнетақылардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып индексацияланады. Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар (жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақылар) 8,5 пайызға, ал базалық зейнетақы ЕТКД өсуіне байланысты 6,5 пайызға артты.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны – 2 516 947 адам.

2025 жылы республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 4 231,3 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде:

  • ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 2 867,7 млрд теңге,
  • базалық зейнетақыға – 1 363,6 млрд теңге бөлінді.

2025 жылғы 1 қарашадағы дерек бойынша базалық, ынтымақты және жинақтаушы төлемдерді қамтитын орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 179 276 теңгені құрады. Ал табысты алмастыру коэффициенті 44,2 пайызды көрсетті (ХЕҰ ұсынған деңгей – 40%).

2025 жылғы 1 қарашада 12,5 млн салымшының зейнетақы шоттарындағы жинақтардың жалпы сомасы 25,2 трлн теңгеге жетті. 2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қымбат емге төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге мүмкіндік жасалды.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша БЖЗҚ 3 882 145 өтініш бойынша жалпы сомасы 5 320 млрд теңге зейнетақы төлемін жүзеге асырды.

Өзгелердің жаңалығы