Қазақстанда мұғалім тапшылығы қалай шешіліп жатыр?

11 Тамыз 2023, 15:05
4217
Бөлісу:
Қазақстанда мұғалім тапшылығы қалай шешіліп жатыр?
Фото: Арман Мухатов

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумында мұғалім тапшылығы қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол елімізде педагог кадрлардың тапшылығы басым мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы мұғалімдерге деген қажеттіліктің өзі 4 600-ден асып отыр. Астана қаласының өзінде жыл сайын мың мұғалім қажет, - деп айтты вице-министр.

Қазақстанда мұғалім тапшылығы қалай шешіліп жатыр?

Сөзінше, елордада бастауыш сынып, математика, информатика, ағылшын тілі және басқа да пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі сезіліп отыр.

Мемлекет басшысы Үкіметке Астанада жаңа педагогикалық ЖОО құру мәселелерін пысықтауды тапсырды. Бүгінгі таңда республикада 49 университеттің кадрларды даярлауда педагогикалық бағыт бойынша лицензиялары бар. Педагогикалық бағыттар бойынша білім алушылардың саны шамамен 186 мың студент. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 43 мыңнан аса студент оқиды, - деп түсіндірді вице-министр.

Кадрларды даярлаудың педагогикалық бағыттарына түсу үшін талаптар күшейіп келеді.

2021 жылдан бастап педагогикалық бағыттар бойынша абитуренттерді тарту жұмыстары күшейтілді. Оқуға түсу балы 50 ұпайдан 75 ұпайға дейін көтерілді.

Бұрын педагогикалық мамандықтарға түлектер «қалдық» қағидаты бойынша түссе, қазір дарынды жастар түсіп жатқанын байқап отырмыз. Олардың арасында «Алтын белгі» иегерлері де бар. Қазіргі уақытта мұғалім мамандығына оқитын студенттердің стипендиясы да көтерілді. Яғни 26 186 теңгеден 67 200 теңгеге дейін өсті, - деп атап өтті Талғат Ешенқұлов.

Қазақстанда мұғалім тапшылығы қалай шешіліп жатыр?

Оның айтуынша, жыл сайын педагогикалық бағыттарға бөлінетін гранттар саны да артып келеді.

Айта кетейік, осыған дейін форум барысында 1 қыркүйектен бастап мектептерде біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілетіні белгілі болды. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов әлеуметтік желілердің өскелең ұрпақтың ақыл-ойына әсері орасан зор екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы