2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда мотор майларын міндетті цифрлық таңбалау жүйесі іске қосылды. Енді әрбір канистрге арнайы бірегей код жапсырылады, оны тұтынушылар арнайы мобильді қосымша арқылы тексере алады. Бұл шешім жалған май өнімдерімен күреске бағытталған. Сарапшылардың бағалауынша, нарықтағы мотор майларының жартысына жуығы жалған болуы мүмкін.
Жаңа жүйе автокөлік қозғалтқыштарын қорғауға, жүргізушілердің шығынын азайтуға және нарықты ашық әрі әділ етуге тиіс. Алайда бағаға әсер ете ме және автосервистердің жұмысы қалай өзгереді – тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін басты сұрақ осы. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәліметінше, цифрлық таңбалау отын-энергетика кешенін ауқымды цифрландырудың бір бөлігі болмақ. Енді әрбір канистр зауыттан бастап дүкен сөресіне дейінгі бүкіл жолы бойынша қадағаланады.
Арнайы қосымша арқылы тұтынушы майдың түпнұсқалығын тексеріп қана қоймай, өнім туралы негізгі ақпаратты – құрамы, тұтқырлығы, көлемі және сәйкестік декларациясының бар-жоғын көре алады. Ведомство өкілдері цифрлық таңбалау тұтынушылардың құқығын қорғаумен қатар, мұнай өнімдері нарығында адал әрі қауіпсіз орта қалыптастыру құралы екенін атап өтеді.
Министрлік цифрлық технологиялар дәстүрлі бақылау тәсілдері баяу немесе тиімсіз шешетін мәселелерді жылдам әрі нақты реттеуге мүмкіндік беретінін айтады.
Жалған май мәселесі
Автосарапшы Алексей Алексеев Қазақстанда мотор майлары нарығындағы жалған мотор майлары мәселесі бұрыннан бар әрі жүйелі сипатқа ие екенін еске салды.
Қазақстандағы мотор майларының тарихына көз жүгіртсек, бір кезеңде BP, Shell, Mobil 1 сияқты танымал брендтердің жаппай қолдан жасалғанын көреміз. Соның салдарынан адамдар бұл маркаларға деген сенімін жоғалтып, сатып алуды доғарды. Жалған майлар белгісіз жағдайда құйылды, кейде түпнұсқа құты пайдаланылып, ішіне сапасыз өнім салынатын. Мұның бәрі көлік қозғалтқышына да, жүргізушінің қалтасына да тікелей зиян келтірді. Цифрлық таңбалау енгізілген соң әр адам QR-код немесе Data Matrix арқылы нақты канистараның түпнұсқа екенін тексере алады, бұл тәуекелді барынша азайтады, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл жүйе тек жүргізушілерге ғана емес, әділетсіз бәсекеден зардап шеккен компанияларға да тиімді.
Адал компаниялар өз брендін қорғайды, ал мемлекет көлеңкелі айналымдағы тауарларды заңды арнаға шығаруға мүмкіндік алады. Әрине, жалған майды толық жою мүмкін емес, бірақ егер тұтынушылар өнімді цифрлық таңбалау арқылы тексеріп отырса, жалған тауарлар саны айтарлықтай азаяды. Тек ең арзан бағаға ғана қарайтын сатып алушылардың шағын бөлігі қалуы мүмкін, алайда олардың саны да азайып келеді. Жалпы алғанда, жүйе сертификатталған өнімге деген сенімді арттырып, адал бәсекені ынталандырады, - дейді Алексей Алексеев.
Сондай-ақ автосарапшы жүргізушілер жиі жіберетін қателіктерге тоқталды.
Ең жиі кездесетін қателік – жол жиегінен немесе беймәлім орындардан май сатып алу. Мұндай жағдайда ешкім сапасына кепілдік бермейді. Тағы бір қателік - маусымға немесе қозғалтқыш түріне сай келмейтін май құю, мысалы, қыста жазғы май пайдалану. Жас жүргізушілер көбіне таңбалауды түсінбей, тек бағаға қарайды. Бұл қозғалтқыштың бұзылуына және қымбат жөндеуге әкелуі мүмкін. Цифрлық таңбалау бұл қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді: QR-кодты тексеріп, өнім туралы толық ақпаратты көресіз, - дейді ол.
Баға өсе ме?
Жаңа жүйенің бағаға және автосервистердің жұмысына әсері де қоғамда қызу талқылануда. Көпшілік қосымша реттеу май бағасының өсуіне және техникалық байқау станциясы (СТО) үшін артық бюрократияға әкелуі мүмкін деп алаңдайды.
Алайда автосарапшы бұл қауіптер асыра айтылып отыр деп санайды.
Бір таңбаның құны бар болғаны шамамен 4 теңге. Тіпті құжаттандыру немесе сертификаттауға қосымша шығындар қосылған күннің өзінде, бұл майдың соңғы бағасына әсер етпейді. Автосервистер де айтарлықтай қиындық көрмейді: оларға тек таңбалауды алып, өнімге жапсыру жеткілікті. Жүйе алдын ала дайындалған, процесс барынша қарапайым болады, - деп түйіндеді автоэксперт.