Астанада өтіп жатқан Geoscience & exploration central asia форумында Финляндия геологиялық қызметінің ғылым және инновациялар жөніндегі директоры Саку Вуори Қазақстанның минералдық сектордағы әлеуеті жоғары екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, саланың әрі қарай дамуы заманауи зерттеу әдістерін, соның ішінде терең құрылымдар туралы нақты деректер алуға мүмкіндік беретін геофизикалық барлау жұмыстарын қолдануға байланысты болады.
Менің ойымша, Қазақстанда жаңа пайдалы қазбалар кен орындарын ашуға үлкен мүмкіндік бар. Маңызды бағыттардың бірі – геофизикалық зерттеулер жүргізу. Олар жер қойнауының терең құрылымы туралы көбірек мәлімет алуға мүмкіндік береді, – деді сарапшы форум кулуарында.
Саку Вуори форумның ұйымдастырылуына да оң баға беріп, Қазақстанда минералдық-шикізат секторын дамытуға деген қызығушылық жоғары екенін атап өтті.
Оның сөзінше, бұл тақырыптың мемлекеттік деңгейде басымдыққа ие болуы және инвестиция тарту бойынша жасалып жатқан жұмыстар саланың дамуына қолайлы негіз қалыптастырады.
Бұл – өте жақсы ұйымдастырылған іс-шара. Минералдық-шикізат секторын дамытуға үлкен ынта бар екені байқалады. Бұл бағыт мемлекеттік күн тәртібіндегі басым мәселелердің бірі сияқты. Енді ең бастысы – инвестиция тарту. Бұл бағытта да нақты қадамдар жасалып жатқаны көрінеді, бұл – оң сигнал, – деді Саку Вуори.
Айта кетейік, 2026 жылдың соңына дейін Қазақстан аумағын геологиялық және геофизикалық зерттеу көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, 2026 жылы геологиялық деректерді толық цифрландыру аяқталады.
Бұған дейін Қазақстанның жер қойнауының құпиялары – сирек минералдары туралы фоторепортаж жасап, назарларыңызға ұсындық.
Белгілі болғандай, Қазақстанда шамамен 4 мың геологиялық барлау лицензиясы берілді. Форум барысында айтылғандай, шетелдіктер Қазақстанның жер қойнауын барлауға 40 млрд теңге салмақ.