Қазақстанда машина жасау саласына 83,4 млрд теңге инвестиция салынды

Қазір жалпы инвестиция көлемі 167,7 млрд теңгеден асатын 11 жоба аяқталуға жақын.

 depositphotos.com 17 Қазан 2026, 08:54
17 Қазан 2026, 08:54
55
Фото: depositphotos.com

Жыл басынан бері Қазақстанда машина жасау саласында жалпы инвестиция көлемі 83,4 млрд теңгені құрайтын 18 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1 800-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Іске қосылған өндіріс орындарында самосвалдар мен арнайы шассилер, сорғы-компрессорлық құбырлар, сорғы штангалары, мұнай өндіруге арналған тербелмелі-станоктар, жаңбырлатып суару машиналары, трансформаторлар, тіркемелер, жартылай тіркемелер және агродрондар шығарылады.

Қазір жалпы инвестиция көлемі 167,7 млрд теңгеден асатын 11 жоба аяқталуға жақын. Оларды іске асыру шамамен 2 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл жобалар аясында локомотивтер мен вагондарға арналған бөлшектер, жылу алмастыру жабдықтары, трансформаторлар, жүк көтергіш крандар және өнеркәсіптік сүзгілер өндірісін жолға қою жоспарланған.

Бұдан бөлек, инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын 24 жобаны 2027-2028 жылдары іске қосу көзделіп отыр. Олардың қатарында электр қозғалтқыштары, жүк көліктері, арнайы техника, теміржол дөңгелектері, тау-кен металлургиясына арналған жабдықтар, автоматты өрт сөндіру жүйелері мен электрондық чиптер өндірісі бар. Бұл жобалар 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

QazIndustry мәліметінше, жалпы инвестиция көлемі шамамен 597,1 млрд теңгені құрайтын 53 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 9 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ, оның 800-ге жуығы ауылдық жерлерде құрылады. Жобалар Астана мен Алматы қалаларында, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында іске асырылмақ.

Наверх