Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин тікелей эфирде Қазақстандағы ЛГБТ мәселесіне қатысты өзұстанымын түсіндіріп, заңнамада қандай нормалар бар екенін нақтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанда ЛГБТ өкілі болуға заңмен тыйым салынбаған, алайда олардың қызметін қоғамда насихаттауға шектеу қойылған.
ЛГБТ өкілі болуға ешкім тыйым салмайды. Заңда ондай норма жоқ. Бірақ ЛГБТ-ны насихаттауға жол берілмейді. Бұл – екі түрлі нәрсе, – деді депутат.
Ол әр адамның жеке өміріне ешкім қол сұқпайтынын атап өтті.
Үйіңізде кім боласыз, қандай қарым-қатынастасыз – ол жеке өмір. Заң оған араласпайды. Біз де гетеросексуал екенімізді жариялап, акциялар өткізіп жүрген жоқпыз, – деді Жаңбыршин.
Депутаттың айтуынша, тыйым тек ЛГБТ-ны ашық түрде насихаттауға, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге бағытталған іс-шараларға қатысты.
Семинарлар, курстар ұйымдастыру, жасөспірімдерді тарту, мектептер мен балабақшаларға барып символика, ойыншық, мультик тарату – бұған заңмен тыйым салынады. Бұл – насихатқа жатады. Сондықтан қоғамдық пікірді манипациялаудың қажеті жоқ, – деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Сонымен қатар, ол Қазақстандағы заң нормаларын көрші елдермен салыстырды.
Кейбір мемлекеттерде, мысалы, Өзбекстанда ЛГБТ өкілі болуға тікелей тыйым салынған. Қазақстанда ондай норма жоқ. Бізде тек насихатқа шектеу бар. Заңды оқып шығыңыздар, – деп айтты депутат.