Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда креативті индустрияны мемлекеттік қолдау қағидалары бекітілді

5 Қаңтар 2026, 22:53
224
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Қазақстанда креативті индустрия субъекттерін мемлекеттік қолдау және ынталандыру қағидалары бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа құжат саланы дамытудың жүйелі әрі ашық тетіктерін қалыптастырып, креативті жобаларды идея мен пилоттық шешімдерден бастап, халықаралық нарықтарға шығару және коммерцияландыру кезеңдеріне дейін кешенді түрде қолдауды көздейді.

Құжатта жобалардың тұрақтылығы мен экономикалық тиімділігіне ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қолдау тетіктері қаржыны қайтару қағидатына негізделіп, гранттық қаржыландыру үлесін барынша азайтуға және жеке инвестиция тартуға басымдық береді.

Қағидалар аясында креативті және пилоттық жобаларды қаржыландыру, бірлесіп қаржыландыру құралдарын қолдану, жеке инвесторлармен ортақ бастамаларды іске асыру, креативті өнім экспортын қолдау, зияткерлік меншікті тіркеу мен құқықтық қорғауға кеткен шығындарды өтеу, халықаралық шығармашылық байқаулар мен іс-шараларға қатысу, сондай-ақ халықаралық деңгейде қол жеткізілген жетістіктер үшін сыйақы беру қарастырылған.

Сонымен қатар, қаржылық емес қолдау шаралары да белгіленді. Олардың қатарына консультациялық, акселерациялық және білім беру бағытындағы қолдау, халықаралық мәдени және креативті платформаларға қатысуға жәрдемдесу, үй-жайлар мен жабдықтарды жеңілдетілген шарттармен ұсыну, цифрлық сервистер мен онлайн платформаларды дамыту, жобаларға маркетингтік және құқықтық сүйемелдеу, өңірлік даму стратегияларын әзірлеу, инклюзияны қамтамасыз ету және саланың жекелеген бағыттарына арналған арнайы бағдарламалар кіреді.

Аталған қағидалардың қабылдануы креативті индустрияны ел экономикасының бәсекеге қабілетті әрі табысты саласына айналдыруға бағытталған. Бұл сектор жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортты дамытуға және экономиканың әртараптануына ықпал етпек.

Өзгелердің жаңалығы