Қазақстанда көші-қон заңын бұзған 1 200 адам елден шығарылады

500-ден астам кәсіпкер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жазаланды.

 ҰҚК баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 09:59
Бүгiн 2026, 09:59
115
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Қазақстанда көші-қон заңнамасына қатысты 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті күшейту және көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында республика көлемінде өткізілген “Мигрант” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтаған. Оның ішінде 4 мыңнан аса шетел азаматы елде болу талаптарын бұзса, 2700-і заңсыз жұмыс істеген.

Бірақ назар аударатын тұс — 2200 қазақстандық пен заңды тұлға шетелдіктер туралы полицияға уақытылы хабар бермеген. Яғни, заң бұзуға жергілікті азаматтардың өзі жағдай жасап отыр.

Жұмыс берушілер де жауапкершіліктен тыс қалмаған.

500-ден астам кәсіпкер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жазаланды. Жалпы айыппұл көлемі 200 млн теңгеден асты, - деп мәлімдейді министрлік.

Рейдтің тағы бір нәтижесі — елде заңсыз жүргендерге қатысты нақты шаралар.

1 500 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылып, 1 200 елден шығару туралы сот шешімі қабылданған.

Соның ішінде 121 адам мәжбүрлі түрде шығарылды, ал олардың сегізі радикалды ағым өкілдері ретінде танылды. Барлығына 5 жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды, - дейді министрлік.

Сонымен қатар, шекараны заңсыз кесіп өту, заңсыз көші-қон ұйымдастыру және шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзу фактілері бойынша 24 қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ  рейд барысында іздеуде жүрген 22 шетел азаматы ұсталды. Олар түрлі қылмыс бойынша көрші елдерде іздеуде болған.

Наверх