Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде коронавирусқа шалдыққан 200-ге жуық науқас ауыр халде жатыр. Олардың 42-сі аппаратқа қосылған. 35 адам әл үстінде.
Дегенмен, мамандар "індеттің таралуы азайды" деп отыр. КТК арнасының хабарлауынша, қауіпті аурудың Атырау, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында беті қайтпай тұр. Солтүстік Қазақстан өңірінде де бір күнде 9 адамнан вирус табылды. Сондай-ақ, вирус белгілері бар пневмонияға соңғы тәулікте 10 адам шалдыққан. Осы дерттен екі науқас бақилық болды. Дегенмен, мамандар бірқатар өңірлерде эпидемиялогиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын айтады. Мысалы, Шымкентте, Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында кешелі бері коронавируспен ешкім ауырмады.
Ақтөбе облысында соңғы апталарда бір-екі науқастан ғана тіркелсе, өткен тәулікте КВИ-мен ауырған науқас тіркелген жоқ. Жалпы, Ақтөбе облысында эпиджағдай тұрақты. Тіркелген 3218 адамның 49 пайызы – симптомды, 51 пайызы – симптомсыз науқастар, - дейді Ақтөбе облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Гүлшат Сералы.