Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Ата заң қабылданған жағдайда Конституция күні ретінде қай күнді бекіту ұсынылатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, заңға сәйкес, Конституцияның күшіне ену күні емес, қабылданған күні туралы айтылған. Егер референдумда азаматтар жобаны қолдаса, қабылданған күн ретінде 15 наурыз белгіленеді және дәл осы күн Конституция күні болып есептеледі.
Өтпелі ережелерге сәйкес, Конституция қабылданған күн – Конституция күні болады. Қабылданған күн мен күшіне енген күн – екі бөлек нәрсе. Менің есімде, өтпелі ережелерде дәл қабылданған күн туралы жазылған. Қабылданған күн мен күшіне енген күн әртүрлі. Егер өтпелі ережелер жобасына қарасақ, онда қабылдау туралы айтылған. Ал қабылдау күні – 15 наурыз болып есептеледі, – деді Сенат спикері.
Ол әр азамат өз таңдауы бойынша дауыс беруге құқылы екенін, ешкімнің еркі шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, референдум халықтың пікірін білу үшін жарияланған және түпкілікті шешім дауыс беру қорытындысына сай қабылданады.
Еске салайық, бұған дейін Мәулен Әшімбаев кадр мәселесі, соның ішінде вице-президенттік туралы пікір білдірген болатын.