Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда "көлеңкелі" экономиканы анықтау тәсілі түбегейлі жаңарды

24 Қыркүйек 2025, 17:26
516
Бөлісу:
 Freepik
Фото: Freepik

Қазақстанда көлеңкелі экономиканы анықтау әдістемесі жаңартылды. Енді жасырын табыс көздері, заңсыз бизнес түрлері мен контрафактілік өнімдер дәлірек есептеліп, мемлекет нақты шара қабылдай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Жоғары аудиторлық палатаға сілтеме жасап.

Ауқымды жаңарту өткен жылдың соңында аудит жүргізген мамандардың нұсқауымен іске асырылды. Тексеру нәтижесінде қолданыстағы әдістердің елеулі кемшіліктері анықталған: бұрынғы тәсілдер экономиканың бірқатар саласын қамтымаған және көптеген "көлеңкелі" кіріс көздерін есепке алмаған.

Не өзгерді?

• Бақылаусыз экономиканы бағалау әдісі кеңейтілді – енді білім беру, денсаулық сақтау және ойын-сауық салалары да есепке алынады.
• Жеке тұлғалардың жасырын табыстары қосылды – тауарды қайта сату үшін әкелетін азаматтар, ет және көкөніс өсіретін фермерлер, көлік жуу мен ойын-сауық қызметін көрсетушілер, сондай-ақ Қазақстанда еңбек етіп жүрген шетелдік азаматтардың кірістері ескерілмек.
• Заңсыз қызмет бойынша есептер нақтыланды – синтетикалық есірткі айналымы, нашақорлар саны, браконьерлік, заңсыз орман кесу және балық өндірісі қамтылды.
• Контрафакт және пираттық өнімдер – жалған тауарлар мен заңсыз көшірмелерді есептеу формулалары түзетілді.
• Шағын бизнес бойынша деректер жинау күшейтілді – сауда және автокөлік жөндеу саласында бұрынғыдай іріктемелі статистика емес, толық қамту жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, жаңа алгоритмдер мемлекетке көлеңкелі экономиканың нақты ауқымын дәлірек анықтап, тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы