Қазақстанда көкөніс 12% қымбаттаған

22 Қыркүйек 2023, 23:35
759
Бөлісу:
Қазақстанда көкөніс 12% қымбаттаған
Фото: baq.kz

Көкөністің бағасы тамыз айында 6% арзандағанымен, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 12% қымбаттаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанға көкөніс импорты экспорттан бірнеше есе жоғары. Биыл бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша елімізде көкөністің түрлерінің импорты көлеміндегі өзгерістер тіркелді. Оның ішінде баклажан импортының көлемі 7,7% артып, 2,4 мың тоннаға жеткен.

Саладағы бөлшек сауда бағасына келсек, биыл тамыз айының соңында Қазақстанда көкөніс өнімдері айлық динамика бойынша 6,1% төмендегені байқалды. Бірақ бір жылда (яғни былтырғы тамыз айымен салыстырғанда) көрсеткіш 12,3% өсті. Аймақтық ай сайынғы динамика бойынша бағаның өсуі тек Ұлытау облысында ғана байқалды: 0,8%. Бағаның ең көп төмендеуі Қарағанды облысында (14,4%-ға), ең азы Қызылорда облысында (1,5%-ға) тіркелді.

Жылдық динамикада бағаның ең көп өсуі Ұлытау облысында (32,7%-ға), ең азы Қарағанды ​​облысында (1,2%-ға) байқалды. Бұл ретте екі облыста – Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында көкөніс 2022 жылғы тамызбен салыстырғанда тиісінше 8,1% және 2,5% арзандады.

Өнім санаттары бойынша тамыз айының аяғында қырыққабаттың бағасы айтарлықтай өсті: бір айда 14,3% және бір жылда 67,2%. Республика бойынша орташа есеппен келісіне 169 теңгеге дейін.

Қызылша бағасы бір айда 3,7% өсті. Бірақ былтырғы тамыз айымен салыстырғанда 0,9% төмендеп, келісіне 257 теңге болды. Сәбіз бір айда 1,7%, бір жылда 6,5% қымбаттап, келісі 196 теңгеге дейін қымбаттады. Картоптың бағасы бір айда 4%, бір жылда 0,3% төмендеп, келісі 170 теңге болды. Қияр бір айда 4,7% арзандаса, бір жылда 6,8% қымбаттап, келісі 394 теңгеге дейін қымбаттады. Бір айда қызанақ бағасы 12,9% төмендеді, бірақ 2022 жылдың тамызымен салыстырғанда 15,4% өсіп, келісіне 475 теңге болды. Пияз бір айда 22,5%, бір жылда 10,8% арзандап, келісі 147 теңгеге дейін арзандады, - делінген Energyprom.kz хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы