Ұлттық киноны қолдау орталығы 2024 жылғы ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларға қаржылай көмек көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, киножобаларды іріктеу екі кезеңде жүзеге асады.
Бірінші кезең – фильмдердің сценарийін немесе сценарий жоспарларын қарау.
Екінші кезеңде тақырыптық жоспарға сай келетін, сараптама кеңесі іріктеген жобалардың құжаттары жинақталады.
Конкурстық іріктеудің бірінші кезеңіне қатысу үшін, үміткерлер Орталыққа электронды түрде сценарийлерді қарауға өтінімді, PDF форматында сценарийлерді, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі мен авторлық шартты, өтініш беруші мен сценарий немесе сценарий жоспарының авторы арасындағы алдын ала шартты жіберуі қажет.
Өтініш беруші фильмнің әр түрі, ойын фильмі, анимациялық фильм, деректі-хроникалы фильмдер бойынша тек 2 сценарий ұсына алады.
Орталық құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін өтініш берушілер ұсынған құжаттарды Сараптама кеңесінің қарауына енгізеді.
Айта кетейік, конкурстық іріктеуге қатысу құқығына ие болу үшін үміткерлердің салық берешегінің болмауы, банкроттық рәсімге тартылмауы маңызды.
Құжаттар Орталықтың ресми сайты арқылы https://kazakhcinema.kz/kz/konkurs_2024 18 сәуір сағат 18:00 дейін қабылданады.