Қазақстанда кешенді әскери реформа басталды

Реформа аясында Қарулы күштерді технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру жоспарланған.

 Қорғаныс министрлігі 24 Қазан 2026, 21:14
24 Қазан 2026, 21:14
135
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша кешенді әскери реформаны іске асыру басталды. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған жоспар Қарулы күштердің құрылымын жетілдіруді, әскери басқару жүйесін жаңғыртуды, әскердің жауынгерлік даярлығын арттыруды және әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауды көздейді.

Президент заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан дамыған армия қалыптастыру міндетін қойды. Осыған байланысты қорғанысты жоспарлау, жұмылдыру дайындығы, резервті қалыптастыру және әскери басқару жүйесін жетілдіру бағытында бірқатар өзгеріс жүзеге асырылады. Сонымен қатар әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, командирлік мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға басымдық беріледі.

Реформа аясында Қарулы күштерді технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру жоспарланған. Бұл бағытта отандық қорғаныс өнеркәсібін дамыту, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күрес құралдарын өндіру, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу көзделіп отыр. Әскердің жауынгерлік даярлығын жетілдіру үшін ұрыс қимылдарын модельдейтін симуляциялық бағдарламалар да қолданысқа енгізілмек. Мұндай тәсіл әскери оқу-жаттығулардың тиімділігін арттырып, оларды өткізуге жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Әскери қызметті ұйымдастырудағы маңызды жаңалықтардың бірі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді моделіне көшу. Оның алғашқы алты айында сарбаздар оқу орталықтарында бастапқы әскери дайындықтан өтіп, дене шынықтыру және жауынгерлік дағдыларын жетілдіреді. Бұған қоса, тіл үйреніп, жасанды интеллект құралдарын қолдануды меңгеріп, еңбек нарығында сұранысқа ие азаматтық мамандықтар бойынша білім ала алады.

Келесі алты айда әскери қызметшілер әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік даярлығын шыңдайды және бөлімше құрамында міндеттерді орындауға машықтанады. Жаңа модельдің жекелеген элементтері «Sarbaz+» жобасы аясында сынақтан өткізілген. Екі кезеңді әскери қызмет моделінің пилоттық жобасын 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Реформаның тағы бір маңызды бағыты – әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және құқықтарын қорғау. Осы мақсатта әскери бөлімдердің қолбасшылығына тәуелсіз әскери кеңесшілер институтын құру көзделген. Олар әскери қызметшілерге қолдау көрсетіп, құқық бұзушылықтарды анықтауға және заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдеседі.

Сондай-ақ сарбаздарды сапалы тамақпен және әскери киім-кешекпен қамтамасыз ету, казармаларды жөндеу, оқу нысандары мен әскери полигондарды қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Бұл шаралар әскери қызмет өткеру жағдайларын жақсартуға бағытталған.

Әскери реформа жастарды патриоттық тәрбиелеу және бастапқы даярлау жүйесін де қамтиды. 2027 жылдан бастап «Жас қыран», «Жас ұлан» және «Жас сарбаз» кезеңдерін біріктіретін «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлау жүйесін құру көзделіп отыр. Сонымен қатар мектеп жасынан бастап қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуге үйретуге басымдық беріледі.

Әкімдіктермен бірлесіп, жалпы білім беретін мектептерде алғашқы әскери дайындықтың сапасын арттыру және мамандандырылған әскери оқу орындарының желісін дамыту жұмыстары да жалғасады.

Әскери реформаның ұйымдастырушылық іс-шараларын жыл соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған. Ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер орта мерзімді перспективада кезең-кезеңімен енгізіледі. Қорғаныс министрлігі реформаның іске асырылу барысы туралы қоғамды тұрақты түрде хабардар етіп отырады.

Наверх