Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде сөз сөйлеп, еліміздегі кәсіподақтардың рөлі мен мемлекет қабылдап жатқан қолдау шаралары жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде Қазақстанда 2,5 миллионнан астам жұмыскерді біріктіретін кәсіподақтар жұмыс істейді. Олар әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейінде белсенді қызмет атқарып жатыр. Ертаевтың айтуынша, кәсіподақтар — Үкіметтің қоғамдағы тұрақтылық пен экономикалық дамуға қол жеткізудегі маңызды серіктестері.
Мемлекет еңбек қатынастарындағы тараптардың мүдделерін тең ұстауға мүдделі. Бұл ретте мықты және жауапты кәсіподақтардың рөлі зор. Олар жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауда негізгі күшке айналуы тиіс, — деді вице-министр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды — Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Бұл бастама — жұмысшы қауымының ел дамуына қосқан үлесін мойындаудың белгісі. Осыған байланысты еңбек жағдайларын жақсарту мен әлеуметтік қорғау бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған.
Сонымен қатар Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) әлеуметтік әділеттілікке арналған Жаһандық коалициясына қосылды. Бұл коалиция — лайықты еңбек, тең мүмкіндік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
ХЕҰ-мен бірлесіп, елде Лайықты еңбек жөніндегі Жол картасы қабылданды. Сондай-ақ ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі жасалды. Ол еңбек өнімділігі мен медианалық жалақы көрсеткіштеріне негізделген.
Қазіргі таңда Қазақстан ХЕҰ-ның №131 Конвенциясын ратификациялау процесін бастады. Бұл құжат — дамушы елдер үшін ең төменгі жалақыны әділ белгілеуге бағытталған. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.
2024 жылдан бастап, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына кемінде 7 жыл қатысқан және 55 жасқа толған азаматтарға арнайы төлемдер енгізілді.