Қазақстанда кәсіпкерлік белсенділік тұрақты өсіп келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елдегі кәсіпкерлік қызмет оң динамиканы сақтап отыр және сыртқы әрі ішкі экономикалық өзгерістерге төзімді екенін көрсетуде. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысында кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 2 млн 939 мыңға жетті. Бұл жыл басымен салыстырғанда 499 мың субъектіге немесе 20,4%-ға көп. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 688 мың 597 субъектіні құрады, – деді Серік Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны 1 млн 860 мыңнан 2 млн 352 мыңға дейін өскен. Ал заңды тұлғалардың саны 579 мың 756-дан 587 мың 117-ге жеткен. Сонымен қатар қосылған құн салығын төлеушілер саны 135 мың 845-тен 158 мың 194-ке дейін артқан.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының артуы салалық құрылымға да оң әсерін тигізді. Шағын заңды тұлғалар саны тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2,9%-ға, құрылыс пен ауыл шаруашылығында 2,5%-ға, ақпарат және байланыс саласында 2,4%-ға өсті. Орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны жылжымайтын мүлік операциялары саласында 5,8%-ға, қаржы және сақтандыру секторында 3,2%-ға, өзге де қызмет көрсету салаларында 3,1%-ға көбейді, – деді вице-премьер.
Оның сөзінше, шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі де тұрақты түрде артып келеді.
2021 жылдан бері шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5%-дан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 40,9%-ға дейін өсті. Жеке кәсіпкерлердің бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына ауысқанына қарамастан, экономикадағы бір жұмыскерге шаққандағы жалпы қосылған құнның оң өсімі сақталып отыр, – деді министр.
Серік Жұманғарин 2026 жылдың бірінші тоқсанында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы жалпы қосылған құнның көптеген салада артқанын атап өтті.
Ең жоғары өсім өңдеу өнеркәсібінде – 25,7%, көлік және қоймалау саласында – 19,6%, құрылыста – 19,1% болды, – деді ол.
Министрдің мәліметінше, бүгінде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 60%-дан астамы сауда, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді.
2020-2025 жылдар аралығында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санындағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың үлесі 84,3%-дан 92,2%-ға дейін өсті, – деп түйіндеді Серік Жұманғарин.