Былтыр Қазақстанда 1 млн-нан аса әйел шағын және орта бизнесті басқарған, бұл шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің жалпы санының 48,1%-ын құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әйелдер экономиканың түрлі секторларында, әсіресе саудада, білім беруде, сұлулық индустриясында, әлеуметтік бағдарланған жобаларда кәсіпкерлік қызметпен белсенді айналысуда.
ШОК басқаратын әйелдердің басым бөлігі Қазақстанның ірі қалаларында тіркелген. Шағын және орта бизнесті Алматыда 174 851 әйел, ал Астанада 121 203 әйел басқарады. Соңғы жылдары экологиялық тұрақтылық пен әлеуметтік маңызы бар жобаларды таңдайтын әйелдер санының өсуі байқалады, бұл әлемдік трендтерге және орнықты дамудың мемлекеттік саясатына сәйкес келеді.
Қазақстан әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін белсенді жағдай жасауда. Соның бір мысалы, жұмыс істейтін әйелдермен қатар, көпбалалы және жалғызбасты аналарға арналған «Ұмай» жеңілдікті ипотекалық бағдарламасы.
Бұдан бөлек, «Даму» Қоры арқылы іске асырылатын «Үміт» мемлекеттік бағдарламасы кәсібін жаңадан бастайтындарға гранттар, субсидиялар, сондай-ақ білім беру курстары мен консультациялар ұсынады. Әйелдер бұған қоса Business Qymyz тегін онлайн бағдарламасын пайдалып, гранттар алу үшін Coca-Cola Belesteri» байқауына қатыса алады.
2015 жылдан бастап ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) әйелдер кәсіпкерлігінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын іске асыруда. Бағдарлама аясында 521 консалтингтік және коучингтік жоба, «Микробизнестегі әйелдер» онлайн бағдарламасы арқылы 7,5 мыңнан астам әйел оқытылды. Сонымен бірге ЕҚДБ әйелдердің ШОБ несиелеу үшін 6 қаржы институтына 212 млн АҚШ долларын берді.
TalpynUP, Dell Women’s Entrepreneur Network бағдарламасы, сондай-ақ Mastercard және ЕҚДБ-мен серіктестікте 2025 жылғы 6-23 наурыз аралығында басталатын «Business-Aru» жобасы сияқты бастамалар әйелдерге қосымша қолдау көрсетеді. Бұл жоба арқылы әйелдер қаржы, маркетинг, сату және бизнесті басқару бойынша тегін білім алып, өздерінің бизнес-жоспарын жасайды.
Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» орнықты даму мақсатына қол жеткізуге елеулі үлес қосады.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламаларын дамыту, қаржыландыруға қол жеткізу, сондай-ақ оқыту мен тәлімгерлік әйелдер үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады әрі Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізудегі прогресті жеделдетеді.