Елімізде осы мамандық иелерінің саны мен біліктілігін арттыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі бірқатар бастамаларды қолға алыпты. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте министрлік өкілдері осы кезеңге дейін атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылдың 12 сәуірінде Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында мемлекет басшысы халықаралық стандарттар мен тәжірибені ескере отырып, инженерлік кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырған болатын. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасованың айтуынша, осы тапсырмаға сай министрлік инженер кадрларды даярлаудың жаңа моделін даярлап шықты.
Жарасованың сөзінше, бүгінде елімізде инженерлік бағыттар бойынша кадрларды даярлауды 54 жоғары оқу орны жүзеге асырады, білім алушылар контингенті 100 мыңнан асады.
2024-2025 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс аясында 21 462 грант бөлінді. Түлектердің саны 24 497 адамды құрады, жұмысқа орналасу көрсеткіші 70% құраған.
Қазақстанда инженерлік білім бірқатар сын-тегеуріндерге тап болуда, ЖОО-ның материалдық-техникалық базасының ескіруі, ЖОО-лар мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланыстың жеткіліксіздігі, жастар арасында инженерлік мамандықтардың тартымдылығының төмендігі және т.б. Біз бұл проблемалардың бар екенін мойындаймыз. Алайда мәселелерді шешу үшін қаізрдің өзінде біршама бастамалар жүзеге асырылуда, – деді спикер.
Министрлік инженерлерді даярлауды ең алдымен мынадан бастамақшы - модель мектептерде инженерлік сыныптардың ашылуынан бастап ерте кәсіптік бағдарлауды, сондай-ақ техникалық жоғары оқу орындарының өндіріспен толық интеграциясын көздейді. Жоғары білім беруді дамыту тұжырымдамасында озыңқы кадрлық қамтамасыз ету моделіне көшу көзделген. Бұл "Мамандығым–Болашағым" жобасы шеңберінде іске асырылуда. Жобаға 17 өңірдің 20 жоғары оқу орны қатысуда . 9 өңірде 45 сала бойынша кәсіптердің Өңірлік атластары әзірленіп, 500-ден астам жаңа кәсіптер айқындалды. Нәтижесінде 91 ЖОО-да 902 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. "Мамандығым-Болашағым" жобасы аясында Edunavigator.kz платформасында 100 846 оқушы кәсіби диагностикадан өтті. Оның ішінде 12 мыңнан астам оқушы инженерлік бағытты болашақ мамандығы ретінде таңдауға ниетті екенін көрсетті.
Екінші.Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 8 ЖОО базасында ірі өндірістік компаниялармен бірлесіп "Индустриялық РhD" бойынша дайындық басталды. Бүгінгі таңда 94 докторант қабылданды. Докторанттар кәсіпорындардың нақты міндеттерін шешуге бағытталған зерттеулер жүргізеді және кәсіпорындар үшін рационализаторлық ұсыныстар әзірлейді.
Ғылыми зерттеулер, инженерлік мектептер, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұштастыра отырып, өндіріске инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал ететін болады. Осы бағдарлама бойынша докторанттар санын біртіндеп ұлғайту қарастырылған.
Үшінші. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. Жыл сайын мемлекет 200 шетелдік ғалымды шақыруға қаражат бөледі. Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемнің барлық негізгі өңірлерінен серіктестерді тарта отырып, Қазақстанды Орталық Азияның білім беру хабына айналдыру бойынша елеулі жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта 12 елдің жоғары оқу орындарымен 34 стратегиялық әріптестік орнатылды, оның ішінде Америка құрама штаттары, Ұлыбритания, Италия, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Франция, Оңтүстік Кореяның беделді 16 универсиетінің филиалы ашылды.
Төртінші. Инженерлерді даярлаудың жаңа моделі білім беру бағдарламаларын әзірлеуден бастап өндірістік практикадан өтуге және кейіннен жұмысқа орналасуға дейінгі жұмыс берушілермен тығыз байланысқа негізделген. Өткен жылы ғана білім бағдарламалардың 71% - ы қазіргі еңбек нарығының талаптарын ескере отырып жаңартылды.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 12 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіру мақсатында "Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті" атауымен жаңа ЖОО құрылды. Қазіргі уақытта бұл университет бас лицензиясын алды. Бұл университет Финляндия университетімен жаңа 4 білім беру бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуді бастады, - дейді Гүлжан Жарасова.
Сондай-ақ ұлттық су университеті Өзбекстанның су саласындағы ұлттық зерттеу университетімен ынтымақтастықты және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастырады. Одан бөлек 2024 жылғы 8 тамызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Ташкент ауылшаруашылығын ирригациясы мен мелиорациясы университетінің (Өзбекстан) филиалы ашылды.
Бүгінгі таңда су саласы үшін кадрлар даярлау еліміздің 9 жоғары оқу орнында жүргізілуде.
Бесінші. Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) 2028 жылға дейін жұмысшылардың дағдыларының 44% - ы өзгеруге жатады деп болжайды. Орташа алғанда, 87% жұмыс рөлдері генеративті жасанды интеллектпен толықтырылады немесе ауыстырылады. Сондықтан қазір инженерлерді даярлаудың барлық бағдарламаларына кәсіби қызметте жасанды интеллектті қолдануды оқытаты пәндер енгізілуде. Сондықтан елімізде шетелдік жетекші университеттермен бірлесіп үш ЖОО базасында жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау қамтамасыз етілді.
Алтыншы. Студенттерге әлемдік цифрлық кітапханаларды қолжетімді ету білімнің сапасын арттыруға көмектеседі.
Жетінші. Академиялық білім мен жаңа технологияларды өнеркәсіпке ұсыну үшін 17 өңірлік, 3 ұлттық және 5 педагогикалық жоғары оқу орындарының базасында 25 академиялық және зерттеу артықшылық орталығы (АЗАО) анықталды. АЗАО шеңберінде әрбір өңірдің стратегиялық бағыттарын ескере отырып, басым мамандықтар айқындалды.