Қазақстанда газдың бағасы басқа елдермен салыстырғанда төмен

5 Наурыз 2024, 15:34
617
Бөлісу:
Қазақстанда газдың бағасы басқа елдермен салыстырғанда төмен
Фото: автордан

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында сұйытылған газ саласының жағдайы жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сұйытылған мұнай газымен ішкі нарықты қамтамасыз ету 2023 жылы ішкі нарықта тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға немесе 28%-ға өсіп, 2,2 млн тоннаға жетті. Бүгінде сұйытылған мұнай газына белгіленген шекті көтерме сауда бағасы оны өндіру құнынан төмен. Газ өндірісінің тиімсіздігіне байланысты сала шығынға ұшырайды, тұрақты жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салынбайды, - деп айтты ведомство басшысы.

Сұйытылған мұнай газына Қазақстанда ең төмен бағалардың бірі - өңірге байланысты 54-86 теңге. Салыстырмалы түрде Ресейде бір литр газдың бағасы 165 теңге, Қырғызстанда – 159 теңге, Әзербайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге.

Ел халқының ішкі қажеттіліктерін үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында министрлік пен «Теңізшевройл» ЖШС арасында ай сайын 20 мың тонна сұйытылған мұнай газын жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Бүгінгі таңда «QazaqGaz» ҰК» АҚ және Солтүстік Каспий жобасының акционерлері биылдың соңына дейін көлемі жылына 700 мың тоннаға дейін Қашаған сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату шартына қол қою мәселесін пысықтап жатыр, - деп толықтырды Сәтқалиев сөзін.

Сонымен қатар Энергетика министрі Сұйытылған мұнай газы жоғары қосылған құны бар мұнай-химия өнімдерін өндіруге арналған шикізат екенін ұмытпау керегін қоса кетті.

Бұған дейін Қазақстан мұнайы қай елдерге экспортталатынын хабарладық.

Өзгелердің жаңалығы