Жасанды интеллект (ЖИ) бағыты бүгінде Қазақстан Президентінің тікелей бақылауында. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек BAQ.KZ-тің YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Министрдің айтуынша, ЖИ елімізде жеке бір стратегиялық бағыт ретінде қарастырылып отыр. Соған сәйкес Қазақстанға тұңғыш рет қуаттылығы 2 экзафлопс болатын суперкомпьютер жеткізілді. Сонымен бірге, Цифрлық даму министрлігі ЖИ ұлттық стратегиясы тұжырымдамасын қабылдаған.
Қазір әлемде үлкен бәсеке басталды. Жасанды интеллект жаңа халықаралық текетірестің негізгі құралына айналады деген болжам бар. АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа және Азия елдері суперкомпьютерлер, есептеу қуаты, жаңа алгоритмдер бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Ең ірі технологиялық компаниялар таланттарды өздеріне тарту үшін рекордтық сомалар ұсынып отыр. Жап-жас мамандарды 80-100 млн доллар көлеміндегі жалақы, бонустар, акциялар пакетімен қызықтыруда, – деді ол.
Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде әлемде ЖИ-ге қатысты екі түрлі көзқарас бар:
- Бұл технологияны уақытша «хайп» деп қабылдап, аса мән бермеу;
- ЖИ-ге ірі инвестиция құйып, оны дамытуға күш салу.
АҚШ суперкомпьютерлер қуаттылығын арттыру үшін 5 жаңа атом электр станциясын салу жоспарын қабылдады. Ең мықты сарапшыларды тарту бағытында да ауқымды қадамдар жасалуда. Біз де осы салада өз үлесімізді қосып жатырмыз. Қазақстан – әлемде алғашқылардың бірі болып, ЖИ-ді ұлттық оқу бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізді. Биыл ақпан айынан бастап 650 мың бакалавр студент ЖИ курстарын оқиды. Бұл жай ғана кіріспе сабақтар емес, толыққанды білім беретін бағдарламалар, - деді министр.