Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында ет, сүт және ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласында жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобалар іске асырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде елде 210 ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның ішінде толық өндірістік циклды қамтитын зауыттар бар.
Қазіргі уақытта жалпы құны 41,2 млрд теңгені құрайтын 11 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде қосымша 50 мың тонна өңдеу қуаты іске қосылады.
Ірі жобалар Абай және Жамбыл облыстарында қолға алынған. Бұл бастамалар өнім түрлерін кеңейтуге, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға және саланың экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Сүт өңдеу саласында да тұрақты даму мен өндірістік әлеуетті арттыру жалғасып келеді. Қазір елімізде 180 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. 2025 жылы бірқатар ірі жобалар іске қосылды. Сонымен қатар, жалпы құны 41 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде қосымша 165 мың тонна өңдеу қуаты енгізіледі, – деді Сапаров.
Оның сөзінше, бұл жобалар ішкі нарықты сүт өнімдерінің кең ассортиментімен қамтамасыз етуге және экспорт көлемін ұлғайтуға негіз қалайды.
Сонымен қатар, тері мен жүнді өңдеу бағытындағы өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Саланы одан әрі дамыту мақсатында 9,9 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде қосымша 1,3 млн тонна өңдеу қуаты енгізіледі. Тері мен жанама өнімдерді терең өңдеуге бағытталған жобалар тағамдық желатин мен жемдік қоспалар өндірісін арттыруға, сондай-ақ шикізат шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, дәстүрлі ауыл шаруашылығымен қатар Қазақстанда агробизнестің жаңа бағыттары да дамып келеді, – деп түйіндеді министр.
Еске салайық, бұған дейін Олжас Бектенов ішкі нарықты тағам өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз деген еді.