Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда ең төмен жалақыны есептеу әдісі өзгереді

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
9 Қазан 2025, 09:50
1442
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
VIDEO
Фото: коллаж BAQ.KZ

Бүгін Сенат отырысында депутаттар “Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы” заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) №131 конвенциясы ең төмен жалақы жүйесін енгізудің халықаралық стандарттарын белгілейді және барлық жұмысшы үшін әділ әрі жеткілікті жалақы деңгейін қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Бұл құжаттың басты мақсаты – жұмысшылардың өмір сүру деңгейін арттыру, әлеуметтік қорғалуын күшейту және ең төменгі жалақыны әділетті түрде бекіту жүйесін қалыптастыру, – деді Әсем Рахметова.

Сенатордың айтуынша, Конвенция ережелеріне сәйкес, ең төмен жалақыны белгілеу кезінде қызметкерлердің қажеттіліктері, өмір сүру құны және экономикалық жағдайлар ескеріледі. Сонымен қатар әлеуметтік әріптестік тараптарының – жұмысшылар мен жұмыс берушілер өкілдерінің міндетті түрде қатысуы қарастырылған.

Ең төмен жалақы Үкімет тарапынан немесе арнайы орган арқылы бекітіледі. Белгіленген мөлшер міндетті түрде орындалуға тиіс және оны бұзғандарға жауапкершілік көзделеді, – деді сенатор.

Рахметованың айтуынша, Үкімет 2024 жылғы 20 наурызда ХЕҰ ұсынымдарын ескере отырып, ең төмен жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін бекіткен. Бұл әдістеме ең төмен жалақыны медиандық жалақы мен еңбек өнімділігі негізінде есептеуді көздейді.

Бұл тәсіл әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық негізділік арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

Сенатордың сөзінше, №131 Конвенцияны ратификациялау:
• Қазақстанның ең төмен жалақыны анықтау тәжірибесін халықаралық деңгейде бекітуге;
• әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын нығайтуға;
• және ХЕҰ алдындағы елдің халықаралық міндеттемелерін растауға мүмкіндік береді.

Бұл қадам әділ еңбекақы жүйесін қалыптастыруға, кедейлікпен күреске және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге жол ашады, – деді Әсем Рахметова.

Сонымен қатар заң жобасы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан теріс салдарға әкелмейтіні атап өтілді. Сенаттың тұрақты комитеттері мен аппараты тарапынан заң жобасына қатысты ескертулер мен ұсыныстар түспеген.

Сенат Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес бұл заң жобасын мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы