Қазақстанда азаматтардың емханаға тіркелу ережесіне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті түзетулерді әзірлеп, құжатты қоғамдық талқылауға шығарды.
Қазір қолданыстағы тәртіп бойынша қазақстандықтар бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мемлекеттік немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан жекеменшік емханалардың біріне тіркеле алады. Бұған дейін емхананы ауыстыру арнайы науқан кезінде ғана жүргізіліп келген.
Жүйедегі өзгеріс туралы BAQ.KZ тілшісіне Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әсел Қыдыралиева түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, жаңа өзгерістер қабылданса, азаматтар енді емхананы жылына бір рет кез келген уақытта ауыстыра алатынын айтты. Яғни бұрынғыдай нақты мерзімді күтудің қажеті болмайды.
Бұған дейін Медициналық сақтандыру қоры емханалардың алдағы жылға арналған шамамен қаржыландыру көлемін алдын ала есептейтін. Бұл көрсеткіш тіркелген тұрғындар санына да байланысты болды. Сондықтан келесі жылы медициналық ұйым қанша адамға қызмет көрсететінін анықтау үшін тіркелу науқаны күзде өткізілетін, - деп түсіндірді ресми өкіл.
Айта кетерлігі, бұған дейін тіркелу науқаны күз айларында өткізілетін. Себебі Медициналық сақтандыру қоры келесі жылға арналған қаржыландыру көлемін алдын ала есептеген кезде емханалардағы тіркелген тұрғындар санын негізге алатын.
Қазір жүйе өзгерген. Қаржыландыру ай сайын жүргізілетіндіктен, пациенттердің басқа емханаға ауысуына мүмкіндік кеңейіп отыр.
Дегенмен кейбір санаттарға ерекше тәртіп қарастырылған. Атап айтқанда, жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балалар нақты тұрып жатқан мекенжайына жақын емханаға ғана тіркеле алады.
Министрлік өкілінің сөзінше, мұндай талап балаларды патронаждық бақылаумен байланысты енгізілген. Өйткені дәрігерлер мен мейіргерлер нәрестелердің үйіне барып тексеру жүргізеді. Бір жасқа дейінгі балалар тұрақты бақылауда болады, кейін де қажет болған жағдайда медицина қызметкерлері шақыртуға барады.
Бала жасы ұлғайғаннан кейін ата-анасы басқа емхананы таңдай алады. Бірақ жаңа медициналық ұйым бәрібір өз ауданы аумағында орналасуы тиіс. Сонымен бірге мамандар тұрғындарға үйіне жақын емхананы таңдауға кеңес береді.
Тағы бір маңызды талап – 18 жасқа толмаған бала ата-анасының немесе заңды өкілінің бірі тіркелген емханада қызмет алуы керек. Яғни отбасы мүшелері әртүрлі медициналық ұйымдарға бөлініп тіркеле алмайды.
Егер қазір ата-ана мен баланың емханасы екі бөлек болса, онда медициналық ұйым қызметкерлері олармен сөйлесіп, кәмелетке толмаған баланы ересек адам тіркелген емханаға ауыстыруды түсіндіруге тиіс.
Жаңа тәртіп күшіне енсе, азаматтар қайта тіркелгеннен кейін келесі айдан бастап жаңа емхананың қызметін пайдалана алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек келесі жылдың басынан бастап берілетін.
Сонымен бірге басқа қалаға немесе ауданға көшкен кезде, сондай-ақ медициналық ұйым жабылған жағдайда басқа емханаға тіркелу мүмкіндігі сақталады.
Құжаттағы тағы бір өзгеріс емханалардың қызмет көрсету аумағына қатысты. Министрлік енді жаңа емхана ашылған жағдайда тұрғындарды медициналық ұйымдар арасында тең бөлу тетігін нақтылай түспек.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, егер белгілі бір ауданда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істейтін жаңа емхана пайда болса, жергілікті денсаулық сақтау басқармалары сол аумақтағы қызмет көрсету шекараларын қайта қарауы мүмкін. Бұл тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін теңестіру үшін қажет.