Қазақстанда электромобильдердің неге қымбат екені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, бастапқыда әлем бойынша электромобильдер бензинмен жүретін көліктерге қарағанда қымбат болған. Алайда тұтыну көлемі артып, технология дамыған сайын олардың бағасы біртіндеп төмендеп келеді.
Көбінесе Қытайда сатылатын электромобильдердің бағасын, мысалы, Қазақстандағы өндірушінің ресми өкілдері ұсынатын бағамен салыстырады. Бірден айтайын, бұл – мүлде екі бөлек көлік. Қытайда тек сол ел нарығына бейімделген техникалық регламент қолданылады. Ал Қазақстанда басқа техникалық регламент күшінде. Бұл – қауіпсіздікке, пайдалануға және техникалық жағдайға қатысты еуропалық талаптар, – деп түсіндірді Анар Мақашева.
Оның айтуынша, Қазақстанда ресми түрде сатылатын электромобильдер қажетті талаптардың бәріне алдын ала бейімделген. Мысал ретінде ол Zeekr брендін атады. Сыртқы көрінісі бірдей болғанымен, ішкі опциялары мүлде өзгеше болуы мүмкін.
Бұған қоса, көлік нақты бір нарық үшін ресми өкілдер мен өндірушілер арқылы шығарылған кезде, ол Қазақстан аумағында мұндай автокөлікті сатуға болатынын растайтын толық сертификаттау рәсімінен өтеді, – дейді одақ басшысы.
Orbis Auto дистрибуциясын дамыту жөніндегі директоры Виктор Нестеровтың пікірінше, электромобильдердің кейбір модельдері Қазақстанда басқа елдер нарығымен салыстырғанда айтарлықтай арзан болуы да мүмкін.
Қазір электромобильдер өздерінің негізгі нарығымен салыстырғанда қатты қымбат деп айтуға келе қоймас. Себебі ресми импорттаушылар міндетті түрде төлейтін негізгі салықтық аударымдарды алып тастап қарасақ, бағалар Қытай нарығымен шамалас болып шығады. Тіпті кейбір модельдер бойынша басқа елде көлікті толық тіркеуге қойғаннан гөрі, Қазақстандағы бағасы сәл де болса төмен болуы мүмкін, – деді сарапшы.
Бұған дейін Қазақстанда гибрид көлікке сұраныс артып келетінін хабарладық.
Қазақстанда ақаулы автокөлік бөлшегін қай кезде тегін ауыстыруға болатынын да жаздық.