Қазақстанда электр энергиясы көздерінің баламасы пайда болса, баға төмендейді – депутат

11 Қыркүйек 2024, 15:28
458
Бөлісу:
Қазақстанда электр энергиясы көздерінің баламасы пайда болса, баға төмендейді – депутат
Фото: Мақсат Рысбеков - архив

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров соңғы кезде елімізде белсенді талқыланып жатқан АЭС құрылысына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда Қазақстан электр энергиясын сатып алатын мемлекетке айналған. Біз электр энергиясын Ресейден және Қырғызстаннан сатып аламыз. Ал енді біздің көршілеріміз – Өзбекстан, Моңғолия жедел түрде АЭС-ті салуға кірісіп кетті. Өкінішке қарай, қазір әлемде су электр станциялары мен атом электр станцияларынан басқа жаңа электр энергиясы көздері жоқ, - деді депутат.

Сайыров атап өткендей, Қазақстанның экономикасы дамып, демографиямыз өсіп келе жатыр.

Сондықтан Қазақстанда энергияны тұтыну көбейе береді. Пессимистердің көзқарасына қарамастан АЭС әлемде қауіпсіздігі сақталған энергия көзі болып есептеледі. Қазіргі таңда Еуропада, АҚШ-та, Қытайда АЭС салынған. Көршіміз Қытайда тіпті 50-ден астам АЭС бар. Енді Қазақстанның өзінде Ақтаудағы МАЭК негізі АЭС болып есептеледі. Яғни Қазақстанда бүгінде АЭС бар деуге болады. Ол бізге ешқандай қауіп төндіріп тұрғаны жоқ. Ал енді ең негізгі мәселе – ол АЭС-ті салудағы Қазақстанның қауіпсіздігін және оны салудың ашықтығын қамтамасыз ету. Әрине бұл жөнінде Үкіметке сұрақтар бар, - деп түсіндірді Сайыров.

Депутаттың ойынша, АЭС-ті салған кезде бір оператор емес, бірнеше оператор салуы керек.

Ең бастысы халқымызға қаржының қайдан келгенін ашық түсіндіріп отыруымыз керек, - деп айтты ол.

Сайыров біз Ресейден сатып алатын энергияның құны Қазақстанда өндірілетін электр қуатынан қымбат екенін алға тартты. Егер АЭС салсақ, онда елімізде электр энергиясы көздерінің баламасы пайда болып, баға төмендейді.

Еске сала кетейік, 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтеді.

Өзгелердің жаңалығы