Қазақстанда қазіргі уақытта теміржол саласын дамыту мақсатында бес жаңа ірі жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қандай жобалалар жүзеге асырылып жатқанын айтып берді.
«Достық – Мойынты», «Алматы айналма теміржолы», «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» және «Бақты – Аягөз» бағыттарында теміржол желілерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл жоспарланған мерзімінен бұрын екі маңызды инфрақұрылымдық жоба аяқталады. Олар – «Достық – Мойынты» учаскесі мен Алматы айналма теміржолы, - деді министр.
2026 жылы тағы екі жаңа бағыт — «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілері пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар жыл басынан бері елімізде жалпы ұзындығы 3 000 шақырым болатын теміржол желісін толық жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жаңарту көлемі жаңа жол салумен тең. Мәселен, жаңғырту нәтижесінде «Қызылжар – Сексеуіл» учаскесінің өткізу қабілеті 8 пойыздан 25 пойызға дейін, ал «Қандыағаш – Тобыл» бағыты бойынша 7 пойыздан 25 пойызға дейін артады.
Бұған дейін Көлік министрі 2029 жылға дейін теміржол саласында не өзгеретінін айтқан еді.