Алматыда өткен «EdCrunch Reload: Ақыл мен технологияның бірігуі» атты білім технологиялары туралы халықаралық конференцияда jқыту саласындағы жүйке биологиясының мүмкіндіктері, мектепте білім беру инновациялары және жаһандық EdTech үрдістері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
EdCrunch – білім беру технологиялары саласындағы дамудың негізгі векторларын және оқу процестерін өзгертуге арналған цифрлық құралдарды пайдалану мүмкіндіктерін ұсынатын және жыл сайын ұйымдастырылатын жаһандық іс-шара. Конференция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шара ұйымдастырушыларының бірі – AITAS холдингі.
Білім берудегі ақпараттық және компьютерлік технологияларды дамыту, білім берудің қолжетімділігін және заманауи педагогикалық дизайн мүмкіндіктерін күшейту мәселелері – EdCrunch Reload 2022 конференциясының ең көп талқыланған тақырыптарының бірі. Қазіргі әлемде білім беру адам капиталының өсуінің негізі және жаңа экономика мен қоғамның дамуының ажырамас компоненті. Білім сапасын, оның қолжетімді болуы мен ахуалын жақсарту бүгінгі таңда мектеп үшін ғана емес, бүкіл ел экономикасына қосқан үлес деген сөз.
Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Ксения Верба білім алудағы қолжетімділік мәселесінде баланың қай аймақта тұратынын да ескеру қажет дейді.
Оқытудың заманауи әдістері туралы айтқанда, осы күнгі жағдайымыз қазірдің өзінде қала оқушысына да, ауыл оқушысына да жайлы әрі сапалы ортаны бірдей жасауға мүмкіндік беретінін түсінуіміз керек. Бұл үшін ересектердің балаға көмектесейін деген шынайы ниеті мен ұмтылысы жеткілікті. Осының арқасында біз қала мен ауылдағы білім арасындағы алшақтықты жоя аламыз, ауыл баласының болашағына сенетінімізді және оның дамып-жетілуіне көмектесуге дайын екенімізді көрсете аламыз, - деді Ксения Верба.
Отандық білім беру саласы тұрақты түрде ілгерілеп келе жатыр, десе де әлі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл салаға әсер ететін факторлардың бірі – оқушылар санының артуы. Мысалы, биыл жалпы елде мектеп оқушыларының саны алғаш рет 3,6 миллион адамнан асты. Бірінші сынып оқушыларының саны 400 мыңға жетіп, рекорд орнатты.
Бүгінгі таңда білім саласы цифрландыру кезеңіне тап болып отыр. Жаңа технологиялар көптеген саланы өзгертіп жатыр және жақын арада бұл үрдіс өзгерістерді қабылдай бермейтін білім беру саласына да жетті. Дегенмен оқыту әдістері бұдан былай бұрынғы қалпында қала алмайды. Біз педагогикадағы жаңа цифрлық технологияларды осы EdCrunch сияқты іс-шаралар арқылы дамытқымыз келеді, - деді EDCrunch конференциясының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов.
Білім сапасын арттыру және білім алу үшін тең жағдай жасау мемлекет үшін де, Қазақстандағы әлеуметтік бағыттағы компаниялар үшін де басымдық болып қала береді. Мәселен, Білім беруді тұрақты дамыту қоры басымдық берілген жоба ретінде «Ауыл мектебі Powered by NIS» білім беру бағдарламасын таңдапты. Бас серіктесі – «НЗМ» ДББҰ.
Жобаның басты мақсаты – қолжетімді сапалы білім беруді қамтамасыз ету және қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту. Бағдарлама мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және білім берудің флагмандық тәжірибесін аудан мектептеріне табыстауға, сондай-ақ ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын толығымен жаңартуға бағытталған.
Барлық қазақстандық оқушыға бірдей жағдай жасау өте маңызды. Әр баланың білім беру ортасы қалыптасуы керек: ата-ана, мектеп, ұстаздар, құрдастары – осының бәрі жалпы алғанда оған білім, мағлұмат, дағды береді. Мектеп пен мұғалімдердің орнын басу мүмкін емес. Powered by NIS Ауыл мектебі» бағдарламасы аясында біз жаңа тәжірибені қабылдай алатын, айналасында шағын жинақталған мектептер орналасқан тірек мектептерді жаңғыртудамыз. Жоба әдістемелік көмек көрсетуге, мұғалімдерді қолдауға, білім сапасын арттыруға және қолжетімді білім беру ортасын құруға бағытталған, - дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Мұндай бастамалар Қазақстанның жаңа білім беру жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам болып отыр, онда сапалы орта білім барлық өңірлерде қолжетімді болады. Ауыл және қала мектептерінде білім алудың тең жағдайлары түлектерге қай жерде тұратынына қарамастан жоғары деңгейдегі білім мен ақпараттық және цифрлық технологияларды меңгеру дағдыларын алу мүмкіндігін береді.
Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры экономика, туризм, экология, абаттандыру және аймақтық дамыту бағытында ауылдарды қолдаумен айналысады. Қазіргі уақытта Қор Катон-Қарағай, Ұлан, Бұланды, Бурабай, Шемонаиха аудандарында және Абай облысында 100-ден астам жобаны жүзеге асыруда. Басшысы – Ксения Верба.
EdCrunch Reload 2022 шарасына білім берудегі жаңа технологиялар саласындағы қазақстандық және шетелдік 350 сарапшы спикер ретінде шақырылды, олардың қатарында барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының өкілдері, L&D-мамандар, корпоративтік оқыту саласындағы жетекші практиктер және EdTech-ке инвестициялар салатын және оның дамуымен айналысатын бизнес-компаниялардың өкілдері бар. Конференцияға келген 5000 астам көрермен білім беру тәжірибесін жобалау, оқыту сапасы, мұғалімнің рөлі, цифрлық құралдарды пайдалану, сондай-ақ білім беру ортасының қажеттіліктеріне жауап беретін инновациялық трансформация сияқты негізгі бағыттарды талқылауға назар аударды.