2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанда 3,4 миллион тонна мотор отыны өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға көп. Өндіріс көлемі бойынша Шымкенттегі зауыт алда (1,3 млн тонна), одан кейін Атырау (1,1 млн тонна) және Павлодар (889,2 мың тонна) мұнай өңдеу зауыттары келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Energyprom.kz дерегіне сүйеніп.
Ішкі сұраныстың дерлік барлығы – 99,98 пайызы – отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілді. Экспорт көлемі 119,4 мың тоннаны құрады, ал импорт ең төмен деңгейде қалды.
Алайда өндіріс артқанына қарамастан, жанармай бағасы шілде-тамыз айларында да өсе берді. Тамыз қорытындысы бойынша:
• АИ-92 литрі 220 теңгеге жетті (+2,7% айына, +8,7% жылына),
• АИ-95/96 – 271 теңге (+1,4% айына, +6,5% жылына),
• АИ-98 – 306 теңге (+0,8% айына, +5,5% жылына).
Ең жоғары баға өсімі Алматы облысында байқалды (+3,4% айына), сондай-ақ Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында (+3,1%). Ең аз қымбаттау Ақтөбе облысында тіркелді (+1,4%).
14 қыркүйектегі мониторингке сәйкес:
• Ең арзан АИ-92 –литрі 211 теңге (Helios, Шымкент; GASENERGY, Орал),
• Ең қымбат АИ-92 – 233 теңге (Qazaq Oil және GASENERGY, Астана мен Алматы),
• АИ-95 ең арзан – Қызылордада (252 теңге), ең қымбат – Атырауда,
• АИ-98 – Атырауда литрі 295 теңгеден басталып, Алматыда 350 теңгеге дейін жетеді.
Numbeo дерегінше, Қазақстан әлі де бензин бағасы ең төмен елдердің қатарында – литрі шамамен 0,46 доллар, бұл көрсеткішпен әлемде бесінші орында. Арзан бензин тек Ливия, Египет, Кувейт және Алжирде ғана.
Дегенмен, ел ішінде көптеген жүргізушілер табыстың өзгеріссіз қалуына және көлік шығындарының өсуіне байланысты бағаның қымбаттауын айқын сезініп отырғанын айтады.