Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда барлық мектеп интернетке қосылды – министрлік

Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, білім беру саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды өзгеріс қолға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізуге арналған төрт негізгі LMS жүйесі жұмыс істеп тұр. Аталған жүйелерде білім беру үдерісіне қатысты деректер жинақталып, сақталады. Ал Ұлттық білім беру деректер қорына әзірге негізінен статистикалық мәліметтер ғана беріліп отыр.

2025 жылы ақпараттық жүйелерге қатысты жаңа архитектура әзірленген. Соған сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Ұлттық білім беру деректер қоры толық модернизацияланып, барлық LMS жүйелері үшін бірыңғай деректер қоймасына айналады. Бұл ретте деректер қоры отандық «QazTech» бұлтты платформасына көшіріледі, – деді вице-министр.

Сонымен қатар, жылдар бойы жекеменшік LMS жүйелерінде жинақталған деректер кезең-кезеңімен мемлекеттік деректер базасына шоғырландырылады. Бұл өз кезегінде әртүрлі LMS жүйелері қолданылатын өңірлерде оқушыларды бір мектептен екіншісіне ауыстыру үдерісін айтарлықтай жеңілдетпек.

Асылбек Ахметжановтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мектептердің 99 пайызы интернет желісіне қосылған. Ал қалған 1 пайыз мектепте жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне немесе жаңа мектептердің пайдалануға берілуіне байланысты интернетке уақытша қолжеткізу мүмкін болмаған.

Өзгелердің жаңалығы