Елімізде жүрек ырғағының бұзылуын емдейтін аритмолог мамандардың тапшылығы сезіліп отыр. Әсіресе балалар аритмологтары саусақпен санарлық. Қазір республика бойынша науқастарды тексеріп, операция жасай алатын бар болғаны 40 дәрігер ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық Азия Аритмология саммитінде айтылды.
Халықаралық жиын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында өтіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас аритмологы маман тапшылығын азайту үшін нақты шаралар қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта бірнеше облыста аритмология кабинеттері ашылады.
Аритмия жас талғамайтын дертке айналған. Науқастардың басым бөлігі – 50 жастан асқан азаматтар мен туа біткен жүрек ақауы бар балалар.
Саммитке қазақстандық жетекші кардиологтармен қатар, 10-нан астам елдің сарапшылары қатысып жатыр. Олар жүрек жұмысының бұзылуын емдеудің жаңа тәсілдерін талқылап, жүрек тоқтауының алдын алу және кардиостимулятор орнату тәжірибесімен бөлісуде.

Жүрек ауруымен ауыратын науқастардың әрбір үшіншісінде жүрек ырғағының бұзылуы кездеседі. Егер салауатты өмір салтын ұстанбасақ, зиянды сусын ішіп, темекі шегетін болсақ, тамырлар бітеледі. Ал тамыр бітелу жүректің кеңеюіне, ишемиялық ауруларға алып келеді. Осы аурулардың түп негізінде жүрек ырғағының бұзылуы жатыр. Ал жүрек ырғағының бұзылуы – кенеттен өлімге әкелуі мүмкін, - деп түсіндірді ҰШМҮО Аритмология орталығының жетекшісі, еліміздің бас штаттан тыс аритмологы Аян Әбдірахманов.
Айта кетейік, Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында Орталық Азия Аритмология саммиті өтіп жатыр.

Екі күнге созылатын жиын барысында аритмология саласындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланады. Бағдарлама аясында Қазақстандағы жүрекшелер фибрилляциясын аблациялау тәжірибесі, жүрекшелер фибрилляциясын катетерлік емдеудің заманауи әдістерін салыстырмалы талдау, ересектердегі туа біткен жүрек ақауларымен байланысты аритмиялар, сондай-ақ бірнеше катетерлік аблациядан кейін қайталанатын жүрекше фибрилляциясы мен жыбырының парапульстік аблациясы сияқты тақырыптар қарастырылуда.
.jpeg)
Сонымен қатар, жүректің кенеттен тоқтап қалуының алдын алу, кардиовертер-дефибрилляторларды имплантациялау және жүректің физиологиялық стимуляциясы мәселелері де күн тәртібінде тұр.
Саммитке еліміздің жетекші аритмологтарымен бірге Түркия, Австрия, Корея, Қытай, Польша, Әзербайжан, Германия, БАӘ, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген сарапшылар қатысуда.