Мәжілісте "Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланып жатыр. Құжат қаржы ұйымдарын қатаң бақылауға алу, азаматтарды алаяқтықтан қорғау және несиелеу жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Айдарбек Қожаназаров заң жобасындағы қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға қатысты маңызды өзгерістерді атап өтті.
- Несие рәсімдеу талаптарын қатаңдату. Тіркелмеген телефон нөмірлерін пайдалану немесе қарыз алушының биометриялық сәйкестендіруінен өтпеуі сияқты заң бұзушылықтар орын алған жағдайда, банк несиелік келісімшарттарын жарамсыз деп тану нормасы енгізіледі.
• Алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер бойынша қарыз өндіруді тоқтату. Егер қарызға қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болса, банктерге борышты өндіруді тоқтату міндеттеледі. Бұл алаяқтық құрбандарын заңсыз қаржылық талаптардан қорғауға көмектеседі.
• Алаяқтық істері бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатқан жағдайда, банктерге сот арқылы қарыз өндіруге тыйым салынады. Бұл түзету егер несие рәсімдеу кезінде алаяқтық анықталып, қарыз алушы жәбірленуші деп танылса, банк оның қарызын өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алмайды.
Қазір алаяқтардың құрбаны болған азаматтар өздері рәсімдемеген несиелерін өтеуге мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай банктердің жеке деректерге еркін қол жеткізуімен байланысты. Осыған дейін мұндай жағдайлар клиенттердің емес, қаржы ұйымдарының пайдасына шешілетін. Біз ұсынып отырған өзгерістер осындай заңсыздықтарға тоқтау салып, азаматтардың құқықтарын нақты қорғауға мүмкіндік береді, – деді депутат Айдарбек Қожаназаров.
Аталған түзетулер қаржы нарығында әділдік орнатуға және алаяқтық құрбандарынан заңсыз қарыз өндіру әрекеттерінің алдын алуға бағытталған.
Айта кетейік, заң жобасын талқылау әлі жалғасуда. Құжат қабылданған жағдайда, қаржы секторының ашықтығы артып, халықтың банк жүйесіне деген сенімі күшейеді деп күтіліп отыр.