Балалар омбудсмені Динара Закиева Instagram парақшасында соңғы екі жылда балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерге жауапкершілікті күшейту бағытында атқарылған жұмыстардың оң нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі жыл бұрынғы күзгі Жолдауында көтерілген болатын. Осы уақыт ішінде елде балаларды қорғаудың тұтас жүйесін қалыптастыруға бағытталған заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданды.
Өңірлерде бала құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтар ашылды. Қамқоршылық органдарының қызметкерлері көбейіп, мектептерде балалардың тікелей жедел қызметтерге хабарласуы үшін 111 қысқа нөмірлі QR-код енгізілді. Сондай-ақ мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды.
Қазір басты міндет – қабылданған шараларды сапалы жүзеге асыру. Осы бағытта мемлекеттік органдар мен әкімдіктермен бірге Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Каринаның басшылығымен үлкен бірлескен жұмыс жүргізілуде, – деді Закиева.
Оның айтуынша, қабылданған өзгерістер нақты нәтиже бере бастаған. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша балалардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 18%-ға азайған. Оның ішінде педофилия фактілері 24%-ға төмендеген (бұл қылмыс түрі үшін қазір өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған).
Сондай-ақ бала өліміне әкелген кісі өлтіру және ауыр дене жарақаты жағдайлары тиісінше 22% және 50%-ға қысқарған.
Өңірлерге шыққанда назар аударуды қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, нақты оң өзгерістерді де байқаймыз. Бұл туралы айту маңызды, – деп түйіндеді балалар омбудсмені.