Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қойылуы мүмкін

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заңнамаға бірқатар өзгеріс әзірленді. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылып отыр.

Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген өзгерістер тиісті сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылған.

Бұл нормаларды тиімді іске асыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын енгізу жоспарланып отыр, – деді Балаева Үкімет отырысында.

Сонымен қатар халықтың медиасауаттылығын арттыруға және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта салалық журналистиканы дамыту жөніндегі комиссия және басқа да тетіктер арқылы тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан бөлек, онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама бөлінісін реттеу, сондай-ақ кейбір тауар түрлерін жарнамалауға қойылған тыйымдарды ішінара алып тастау мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда қарастырылмақ.

Өзгелердің жаңалығы