Сенат депутаты Марат Қожаев Үкімет кулуарында Қазақстанда әкімшілік амнистия кімдерге қолданылуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Марат Қожаев елімізде алғаш рет әкімшілік амнистия жүргізу жоспарланып отырғанын еске салды.
Біздің елде әкімшілік әділет жүйесіне қатысатын 70-ке жуық субъект бар. Қазір әр тараптан ұсыныстар жиналып жатыр. Осы талқылауларда ең алдымен әлеуметтік жағынан осал топтарды амнистиялау керек деген пікірлер айтылып жүр. Олар – еңбек ардагерлері, соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар және басқа да санаттар, – деді депутат.
Ол сондай-ақ айыппұлдарды жаппай кешіру бюджетке кері әсер етпей ме деген сұраққа да жауап берді.
Мұндай алаңдаушылық бар. Бірақ айыппұл салудың негізгі мақсаты – бюджет толтыру емес, ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу, – деп түйіндеді Қожаев.