Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы өзгере ме? – Еңбекмині мәселені түсіндірді

Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын 63 жасқа дейін кезең-кезеңімен көтеру мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 15:05
Бүгiн 2026, 15:05
183
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазіргі қолданыстағы нормаға сәйкес, бұл процесс уақытша тоқтатылып, 2031 жылға дейін мораторий жарияланған. Дегенмен, осы уақыттан кейін зейнет жасы қайтадан өсіп, ерлермен теңестіріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл ретте, қоғамда бірқатар өзекті сұрақтар туындауда. Атап айтқанда, 53-55 жас аралығындағы әйелдер жұмысқа орналасуда қиындықтарға жиі тап болатынын айтады. Олардың сөзінше, жұмыс берушілер жасы үлкен қызметкерлерді қабылдауға құлықсыз. Мұндай жағдайда зейнет жасын арттыру қаншалықты орынды деген мәселе көтеріліп отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдың айтуынша, зейнет жасын көтеру туралы шешім бұрын қабылданған, алайда қазіргі таңда оның жүзеге асырылуы уақытша тоқтатылған.

Иә, зейнет жасын кезең-кезеңімен арттыру қарастырылған, бірақ бұл норма 2031 жылға дейін уақытша тоқтатылды. Кейін қолданыстағы заңнама аясында әйелдердің зейнет жасы 63 жасқа дейін жеткізіліп, ерлердің жасымен теңестіріледі, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл бағытта еңбек нарығында аға буын өкілдерін қолдауға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – «Күміс жас» бағдарламасы. Бұл жоба арқылы жұмыс берушілерге егде жастағы қызметкерлерді жұмысқа қабылдағаны үшін жалақының бір бөлігі субсидияланады.

Бұдан бөлек, қайта даярлау, біліктілікті арттыру сияқты шаралар да қарастырылған. Бұл бастамалар аға жастағы азаматтардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, Қазақстан 1998 жылдан бері жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен. Осыған байланысты зейнетақы көлемі азаматтың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысуына тікелей байланысты. Сондықтан еңбек ету кезеңінің қысқаруы болашақ зейнетақы төлемдерінің азаюына әкелуі мүмкін.

Осы себепті зейнет жасын арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл әйелдердің зейнетке шыққан кезде лайықты деңгейде төлем алуына мүмкіндік береді, – деп түсіндірді вице-министр.

Сонымен қатар, ведомство қазіргі таңда мораторий мерзімін ұзарту мәселесін қарастырып отырған жоқ екенін атап өтті. Сенат тарапынан түскен ұсыныстарға қатысты нақты ұстаным әзірге жарияланбаған.

 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх