Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы өтеді: не білу керек?

3 Шілде 2025, 19:28
1995
Бөлісу:
 - архив
Фото: - архив

Ауыл шаруашылығы санағы – бұл еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.

Санақ жүргізу және оның мерзімдері туралы шешімді Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылдады. Оны өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалған.

Ауыл шаруашылығы санағына қатысушылары мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы қызметімен айналысатын шаруа немесе фермер қожалықтарын қоса алғандағы, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және/немесе ауыл шаруашылығы мал ұстайтын үй шаруашылықтары болып табылады.

Қазақстан Республикасында 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткіледі.

Бірінші кезең 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизациядан өтуі қажет. 

Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрсетіледі. Респондент көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе оларды өзектендіре алады. 

Респондент толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруын жалғастыра алатынын ескертеміз.  Сауалнамадан өтіп біткеннен кейін респондент электрондық поштаға санақтан өткені туралы хабарлама алады.

Санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы қылу үшін жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.

ЖШС, Дара кәсіпкер мен шаруа-фермер қожалықтары сияқты шаруашылықтың барлық ұйымдастырылған нысандары сауалнамадан сайтта өз бетінше өтуі тиіс екенін ескертемін. Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығы қызметіне байланысты барлар санаққа қатысуға міндетті.

Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтары туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгіне алады. Сондай-ақ 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін, ал онлайн-сауалнама басталған кезеңде – тәулік бойы, аптасына жеті күн қабылданады.

Екінші кезең – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралауы, ол 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтеді.

Осылайша, санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды және ақпарат жинаудың толықтығы мен сенімділігін қаматамасыз етеді.

Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз, өйткені бұл жай статистикалық шара емес, барлық азаматтарды қамтитын мемлекеттік маңызы бар іс.

Өзгелердің жаңалығы