Қазақстанда аутизмге шалдыққан 16 700 бала бар

17 Сәуір 2024, 21:09
614
Бөлісу:
Қазақстанда аутизмге шалдыққан 16 700 бала бар
Фото: "Болашақ" қоры

Астанада Назарбаев Университетінде "Шектеуден тыс: Аутизм жолындағы мүмкіндіктерді кеңейту" тақырыбында аутизмге арналған халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конференцияға инклюзивті білім беру және оңалту саласындағы АҚШ, Франция, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің сарапшылары қатысты. Ұйымдастырушы – "Болашақ" корпоративтік қоры.

Конференцияның мақсаты – аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) туралы қоғамның хабардарлығын арттыру, диагностикалау және аутизм бар балаларды қолдау саласындағы тәжірибе алмасу және озық практикаларды үйрету, сондай-ақ аутизм бар балаларды қоғамға қосу және олардың дамуына және өз қабілеттерін шыңдауда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бойынша бастамаларды ілгерілету.

Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылуы бар 16 700 бала тұрады. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректері бойынша әрбір 36-шы балаға және 45-ші ересек адамға аутизм диагнозы қойылған.

Қазақстанда аутизмге шалдыққан 16 700 бала бар

Конференцияға қатысушылар аутизм бар балалар мен ересектерді қолдау саласындағы жаһандық тенденцияларды және АҚШ, Еуропа және ТМД елдерінің тәжірибесін, әртүрлі елдердің денсаулық сақтау жүйелеріндегі аутизм проблемасына қолданыстағы тәсілдерді, ерекше балалармен жұмыс істеуде ғылыми дәлелденген әдістемелерді қолданудың маңыздылығын, инклюзивті білім беруді дамыту, АСБ бар балаларды жыныстық тәрбиелеу ерекшеліктерін және басқа да тақырыптарды талқылады.

Ата-аналарға арналған секцияда алғашқы белгілер кезінде ерте араласу, ата-аналарды мінез-құлықты қолданбалы талдаудың негізгі қағидаттарын оқытудың маңыздылығы, Қазақстанда инклюзивті білім беруді адвокациялау мәселелері, сондай-ақ АСБ бар балалардың ата-аналарын психологиялық қолдаудың рөлі талқыланды.

"Болашақ" қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан конференциясының маңызына тоқталды.

Аутизм бойынша халықаралық конференцияны бірінші рет өткізіп отырған жоқпыз, бірақ осындай ауқымды іс-шараны алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Біз 5 елдің сарапшыларын жинадық. Бізге 1 400-дей адам тіркелді, оның 1000-ы білім саласының, сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласының мамандары. Конференцияда ерекше балалармен жұмыс істеуде ғылыми дәлелденген әдістерді қолдану тақырыптары, әртүрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарындағы білім беру бағдарламаларын бейімдеу мәселелері, кәсіптік білім беру мәселелері, аутизм бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың құқықтық сауаттылығы, ерте диагностика, оңалту және түзету мәселелері және көптеген басқа мәселе қозғалады. Алыс шетелдерден және ТМД елдерінен келген қонақтарымыз өз елдеріндегі инклюзияны дамыту тәжірибесі туралы әңгімелейді. Біз аутизм тақырыбына қызығушылық танытатын барлық адам үшін диалог құрылады. Бұл конференция аутизмі бар адамдарды қолдау саласындағы маңызды оқиға болатынына сенімдіміз, - деп айтты конференцияның ұйымдастырушысы.

Қазақстанда аутизмге шалдыққан 16 700 бала бар

Autism Speaks директорының инклюзия және клиникалық қызметтер бойынша орынбасары Люсия Мурилло Чако (АҚШ) өз тәжірибелерін бөлісті.

Autism Speaks-те біз аутизм бар адамдар үшін инклюзивті әрі әділ әлем құруға тырысамыз және олар өз әлеуетін толық аша алуы үшін жұмыс істейміз. БҰҰ мәліметіне сәйкес дүние жүзінде 80 млн адамда аутизм бар. Аутизм бар адамдар қауымдастығын қолдау үшін біз бәріміз өмір бойы жауапты боламыз. Балаларға да, ересектерге де жоғары сапалы, ғылыми негізделген көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін біз бірге жұмыс істеуіміз керек, - деп айтты ол.

Люсия Мурилло Чаконың айтуынша, бүкіл әлемде аутизмнің таралуы артып келе жатқанына қарамастан қызметтерге қол жеткізу көптеген адам үшін әлі де қиынға соғады. АҚШ Еңбек министрлігінің жұмыссыздық туралы есебінде дамуында бұзылыстары бар, оның ішінде аутизм бар әрбір бесінші адамның ғана жұмыс орны бар деп көрсетілген.

Біз Workplace Inclusion Now жұмыс күшін дамыту бағдарламасын құрдық, бұл бағдарлама аутизм бар адамдарға жұмысты, ал жұмыс берушілерге жұмыс орындарындағы инклюзивтілікті қолдау құралдарын ұсынады. Біз аутизм және адам құқықтары қызметтерін ілгерілету бойынша көшбасшы құқық қорғаушылар желіміз арқылы 40-тан астам елдің құқық қорғаушылары мен үкімет министрлерін біріктіреміз. Біз сіздерді аутизм бар адамдар қауымдастығы үшін теңдік пен нәтижелерді қамтамасыз ету үшін өмір бойы жұмыс істеуге шақырамыз. Сондай-ақ аутизм бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ұлғайтуға келетін тиімді шешімдерді ұсынуға шақырамыз, - деп атап өтті ол.

Люсия Мурилло Чако атап өткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Autism Speaks-пен серіктесіп, балаларға күтім жасау дағдыларын үйрету бойынша CST (Caregiver Skills Training for Families of Children with Developmental Disoders) тренингті әзірледі. Тренинг балаларға күтім жасайтын адамдарға көмектесуге, әлеуметтік қарым-қатынас, күнделікті өмір дағдылары және жағымды мінез-құлық саласында олардың дамуына ықпал ету үшін үйде балаларымен күнделікті іс-әрекетте қолдана алатын дағдыларды ұсыну арқылы олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған. Қазіргі таңда CST 35-тен аса елде, ресурстары мен қажеттілік деңгейлері әртүрлі елдер мен қауымдастықтарда енгізілді. Айта кетейік, "Болашақ" қоры CST тренингінде ата-аналарды тегін оқытады. Қор Алматы, Орал, Көкшетау қалаларынан 40-қа жуық ата-ананы оқытып шықты.

Сондай-ақ қор аутизм және басқа да менталдық бұзылыстары бар балалардың ата-аналарына қолдау көрсету мақсатында эмоционалдық шаршау бойынша психотерапиялық топтар жүргізеді. "OI SANA" менталдық денсаулық жобасы аясында 40-тан астам ата-ана мен мамандар қордың қолдауына ие болды. Қор сонымен қатар 200-ге жуық ата-ананың қатысуымен "Аutism Talks: ерекше балалы ата-аналардың шабыттандырар әңгімелері" өткізеді. Қоғамды кеңінен ақпараттандыру және инклюзивті қоғам құру мақсатында қор аутизм туралы ақпараттық стенд әзірледі. Стендтер Астана қаласының 20 емханасында орналастырылды.

Өзгелердің жаңалығы