Елімізде дәрігер қабылдауына электронды қосымшалар арқылы жазылу деңгейі артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, дәрігер қабылдауына жазылу мәселесі министрліктің бақылауында.
Емханалардың қызметтерін жетілдіру бойынша біз былтыр жұмыс бастаған болатынбыз. Денсаулық сақтау министрлігінің біраз бұйрықтарына өзгерістер енгізілді. Стандарттар өзгертілді. Оның ішінде ем алушылар бағдарын барынша оңтайландыру бойынша шаралар қабылданды. Сонымен қатар өздігінен қабылдауға жазылу мәселесі былтырдан бастап біздің бақылауымызға алынды. Оның ішінде электронды қосымшалар арқылы жазылу 4%-дан аспайтын. Бүгінгі таңда 70%-дан асты. Сондай-ақ хроникалық диспансерлік есепте тұратын науқастарды дәрігерге барудан бұрын медбике толығымен тексеріп, барлық анализдерімен жібереді, - деп атап өтті еліміздің бас дәрігері.
Сонымен қоса ауруханаларға жату мәселесі де жеңілдетілген.
Ауруханаларға жату үшін анализдердің санын азайттық. Халықаралық стандарттарға сүйеніп берілген анализдердің жарамдылық мерзімін ұзарттық. Аталған стандарттардың жергілікті жерлерде жұмыс істеуі әлі де күрделі болып отыр. Сондықтан биылдан бастап біз 20 өңірге мониторингтік топ жібердік. Бұл тек тексеру емес, жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді, - деді Ақмарал Әлназарова.
Еске салайық, бұған дейін дәрігер қабылдауына жазылу жеңілдейтіні туралы жаздық.