Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша заңға қандай өзгерістер енгізілетінін түсіндірді.
Бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.
Сөзінше, үш заңға түзетулер енгізіледі.
«Тұрғын үй қатынасы туралы» заңда мынадай өзгерістер енгізіледі:
1) Қайтыс болған әскери қызметшінің арнаулы орган қызметкерінің отбасы мүшесіне қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру, ақшалай өтемақы алу, айырбастау құқығын беру;
2) Қызметтік тұрғын үйді қалдық күні бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру;
3) Қызметтік үймен екі рет қамтамасыз етуді шектеу;
4) «Модульді тұрғын үй» ұғымын енгізу.
Қарулы күштер, басқа да әскер мен әскери құрылым үшін «тұрғын үй» ұғымы алғаш рет енгізіледі. Бұл жылдам қажет болған кезде тұрған жерін ауыстыруға болатын тұрғын үй. Оларды сатып алу, қысқа уақытта әскери тұратын орынмен қамтамасыз етуге, ал геосаяси жағдай өзгергенде оларды осы үймен бірге басқа жерге шығынсыз көшіруге мүмкіндік береді, - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов.
«Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заңда:
1) Әскери қызметшінің құқықтары мен міндеттерін кеңейту, заң жобасында әскери қызметшіге арнаулы орган қызметкеріне ұқсас құқық беру, міндеттер жүктеу ұсынылады;
2) Аттестаттау кезінде полиграфологияны жүргізу;
3) Әскери қызметтің үздіксіз болуын белгілеу. Заң жобасында әскери қызметші қызметтен шығарылған күннен бастап, оны қайтадан қызметке алғанға дейін үш айдан аспаса, осы уақытта еңбек қатынасы болмаса, оның әскери қызметі үздіксіз деп танылады;
4) Әскери қызметшінің материалдық жауаптылығы.
Заң жобасында әскерге шақыру келісімшарт бойынша әскери қызметшінің жиын кезінде әскери міндетінің абайсызда келтірген залалы үшін материалдық жауаптылығын заңнамалық тұрғыдан белгілеу ұсынылады. Залал әдейі келтірілген кезде әскери қызметшінің толық материалдық жауаптылығы сақталады.
«Арнаулы мемлекеттік орган туралы» заңда әскери қызметшінің арнаулы орган қызметкерінің қызмет атқару тәсілін реттеуге бағытталған түзетулер көзделеді. Осы заң жобасы әскери қызметшіні, арнаулы орган қызметкерін әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсартуға, кемшіліктерді жоюға, әскери қызметті регламенттеуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Дарын Тұяқов Мәжілісте.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеп, заңды Сенатқа жолдауды ұсынды. Өз кезегінде депутаттар қаулыны мақұлдады.