- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Арзанға сатып алынған электромобиль ақыры қымбатқа түсуі мүмкін: Неге?
Арзанға сатып алынған электромобиль ақыры қымбатқа түсуі мүмкін: Неге?
Ресми емес жолмен әкелінген көліктерге кепілдік жүрмейді, тәркілеу қаупі де бар.
Бүгiн 2026, 19:23
Астанада қазақстандықтар арасында сұранысы жылдам өсіп келе жатқан электромобильдердің технологиясы, қауіпсіздігі және құқықтық тәуекелдері талқыланды. Қазақстан автомобиль одағы ұйымдастырған кездесуде мамандар мұндай көліктердің артықшылықтарымен қатар, ресми емес жолмен алынған машиналарға байланысты туындайтын қауіптерге де тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың қыркүйек айының басында елде 21 765 электромобиль тіркелген. Соның 21 081-і – жеңіл автокөлік, қалған бөлігі автобус пен жүк көліктеріне тиесілі. Бұл көрсеткіштің ішінде жеке импорттаушылар әкелген әрі сатып жүрген «сұр» көліктер де бар. Алайда олардың нақты саны белгісіз.
Кепілдік мәселесі
Жиында сарапшылардан нарықта төмен бағамен, әсіресе такси қызметіне арнап сатылып жатқан «сұр» электромобильдерге қызмет көрсету қалай жүзеге асатыны сұралды. Сондай-ақ техникалық ақау туындап, жол апаты, батареяның бүлінуі немесе өрт секілді жағдайлар орын алса, жауапкершілік кімге жүктелетіні де сөз болды.
Қазақстан Автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, егер электромобиль басқа елден ресми импорттаушы арқылы емес, тікелей сатып алушының атына рәсімделсе, заң жүзінде импорттаушы сол адамның өзі болып есептеледі.
Егер сіз электромобильді басқа елден ресми импорттаушылар арқылы емес, өзіңіз сатып алсаңыз, көлік соңғы сатып алушының атына рәсімделеді. Яғни заң жүзінде импорттаушы – түпкі сатып алушының өзі. Соған сәйкес, пайдалану мен туындаған мәселе үшін өзі жауап береді. Сондықтан біз мұндай тұтынушы қорғалмаған деп есептейміз, яғни көлікпен мәселе шықса, кейін талап қоятын ешкім болмайды, – деп түсіндірді Қазақстан Автокөлік одағының басшысы.
Осыған байланысты көлікті пайдалану кезінде туындаған кез келген мәселе үшін де жауапкершілік толықтай иесінің мойнында болады. Оның сөзінше, мұндай тұтынушылар заң тұрғысынан жеткілікті деңгейде қорғалмайды, яғни көлікке қатысты мәселе туындаса, кейін талап қоятын нақты жауапты тарап болмайды.
QazAutoStandard автомобиль сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті Ербол Сейпілов ресми түрде әкелінген электромобильдерге дилерлер мен зауыт-өндірушілердің кепілдік міндеттемелері толық жүретінін айтты. Мұндай жағдайда қолданыстағы заң тұтынушыны тіпті көлікті ауыстыруға дейін қорғай алады.
Ал BYD Kazakhstan басшысы Антош Кущ ресми емес жолмен келген көліктерге де қызмет көрсетілетінін, бірақ оның ақылы болатынын жеткізді.
Оның айтуынша, тегін қызмет қарастырылмағанымен, компания мұндай клиенттерді назардан тыс қалдырмайды және ресми сервистік орталықтар қолдау көрсетуге дайын.
Көліктен айырылып қалу қаупі
Orbis Auto дистрибуциясын дамыту жөніндегі директоры Виктор Нестеров мәміленің заңдық тазалығына байланысты тағы бір маңызды тәуекелді атады.
Оның түсіндіруінше, кей елдерде көлік лизинг арқылы сатып алынып, кейін құжатпен бірге басқа мемлекетке шығарылып кетуі мүмкін. Қазақстанда тіркеуге қойылған соң біраз уақыт өткеннен кейін бұрынғы иесінің лизинг төлемін толық жаппағаны анықталса, мұндай көлік Интерпол арқылы іздеуде тұруы ықтимал.
Мұндай жағдайда автокөлік тәркіленіп, жаңа иесі ешқандай өтемақысыз қалуы мүмкін.
Баға неге әртүрлі
Анар Мақашеваның сөзінше, Қазақстанда ресми сатылатын электромобильдердің бағасы бірнеше фактордан құралады. Оған өндіріс құны, салық, сертификаттау шығындары және дилерлік үстеме баға кіреді.
Бастапқы кезеңде электромобильдер іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерден қымбат болған. Алайда технологияның дамуы мен өндіріс көлемінің артуына байланысты олардың құны біртіндеп төмендеп келеді.
Сарапшы көп жағдайда адамдар Қытай мен Қазақстандағы электромобиль бағасын тікелей салыстыратынын, бірақ бұл дұрыс емес екенін айтты. Себебі Қытайдағы нұсқалар сол елдің ішкі техникалық талаптарына ғана сай келеді, ал Қазақстанда еуропалық қауіпсіздік регламенті қолданылады.
Мәселен, қуаттау қосқыштарына қойылатын талаптың өзі өзгеше. Сондықтан бізге әкелінетін көліктер қайта бейімделеді. Сыртқы келбеті бірдей болғанымен, ішкі техникалық мүмкіндіктері өзгеше болуы мүмкін.
Виктор Нестеров та Қазақстандағы электромобиль бағасы көрші елдермен салыстырғанда қолайлы екенін, кей жағдайда Қытай нарығымен де шамалас келетінін айтты.
Басқа елдерде көлік көбіне лизингке сатып алынады, бірақ соған құжат рәсімделіп, ол елден шығарылып кетеді. Кейін адам оны Қазақстанда тіркеп қойған соң, біраз уақыттан кейін көліктен айырылып қалуы мүмкін. Бұрынғы иесі лизинг төлемін толық жаппағаны анықталып, көлік Интерпол желісі бойынша іздеуде болуы ықтимал. Мұндай жағдайда көлікті тәркілеп алады да, иесі ешқандай өтемақы алмайды, – деді Нестеров.
Батарея қауіпсіздігі
Кездесу соңында журналистерге электромобильдерде қолданылатын екі түрлі аккумулятор – NCM және LFP батареяларының сынағы көрсетілді.
Өрт сөндірушілердің бақылауымен екі батарея да шегемен тесілді. Нәтижесінде LFP аккумуляторы тесілгеніне қарамастан қалыпты жұмысын жалғастырып, қуат беруді тоқтатпады. Ал NCM батареясы бірден тұтанып, қою түтін шығарды.