Егер адам көлікті өзі шетелден әкелсе, оны пайдалану жауапкершілігі де өзіне жүктеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан Автокөлік одағының (ҚАО) президенті Анар Мақашева мәлімдеді.
Одақ басшысы қазақстандықтардың қандай жағдайда көліктегі ақаулы бөлшекті тегін ауыстыра алатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, елде азаматтардың жарнамалар арқылы көлік тауып, оны шетелден өз бетінше алдыртатын жағдайлар жиі кездеседі.
Қазақстан шекарасынан өткен кезде бұл көлік оны импорттауға тиіс заңды тұлғаның атына емес, бірден соңғы сатып алушының атына рәсімделеді. Яғни заң тұрғысынан импорттаушы – Қазақстан азаматының өзі. Соған сәйкес, көліктің пайдаланылуына, сапасына және қандай да бір мәселе туындаса, соның бәріне өзі жауап береді, – деп түсіндірді Анар Мақашева.
Ал егер адам көлікті өндірушінің ресми өкілінен сатып алса, онда оны Қазақстан заңнамасы қорғайды. Мұндай жағдайда компания сатып алушы алдында көлікті пайдалануға: жөндеу, кепілдік міндеттемелерін орындау және қажет болса бөлшектерді ауыстыруды қамтитын толық жауапкершілік алады.
Мысал ретінде Мақашева Қытайда Zeekr көлігінің кейбір модельдеріне қатысты жүргізілген кері шақырту науқанын атады.
Онда тегін ауыстырылуы тиіс кейбір бөлшектер бар. Қытай бұл кері шақырту науқанын тек Қытай аумағында жүрген және сол елде пайдаланылып жатқан модельдерге ғана тарататынын айтып отыр. Себебі ҚХР бұл көліктердің, мысалы, үшінші елдерге сатылып кететінін алдын ала есептемеген. Сондықтан егер осындай кері шақыртуға жататын кейбір модельдер Қазақстанда қолданылып жүрсе, олар, ең ықтимал, бұл қызметті ала алмайды. Яғни бұл бөлшекті тегін ауыстыра алмайды, – деді ҚАО президенті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда гибрид көлікке сұраныс артып келеді.