Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда алғаш рет "қудалау" үшін қылмыстық іс қозғалды: қандай жаза қарастырылған?

14 Қазан 2025, 12:30
1278
Бөлісу:
 жасанды интеллект/ BAQ.KZ
Фото: жасанды интеллект/ BAQ.KZ

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Енді өзгенің жеке өміріне заңсыз араласқан адам айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе қамау түрінде жаза алады. Жаңа бап 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері жөніндегі» Заңға қол қойды. Бұл құжат азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және жеке өмірге қол сұғатын құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алуға бағытталған.

Бас прокуратураның мәліметінше, жаңа заң аясында Қылмыстық кодекске сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Тиісті норма ҚК-тің 115-1-бабымен көзделген.

Сталкинг – зорлық-зомбылықсыз, бірақ адамның жеке өміріне қол сұғатын заңсыз қудалау түрі ретінде анықталды. Бұл қылмыстық теріс қылық санатына жатқызылып отыр, себебі мұндай әрекеттерде күш қолдану немесе ашық қауіп-қатер элементтері болмайды.

Жаңа баптың негізгі мақсаты – физикалық күш қолдануға бармаған, бірақ психологиялық қысым көрсететін қудалаушылардан әлеуетті құрбандарды қорғау.

Қылмыстық жауапкершілік нормасы 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Осы уақыттан бері елімізде сталкингке қатысты екі қылмыстық іс тіркелді – Атырау және Павлодар облыстарында.

Заң бойынша сталкинг жасағандарға 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, бұл норма азаматтардың жеке өміріне заңсыз араласуды шектеуге және психологиялық қысымға ұшыраған адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы