Мәжіліс депутаттары Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Нұрсұлтан Байтілесов және Темір Қырықбаев Түркістан облысы Сайрам ауданының шалғай елді мекендерінде ашылған жаңа шаруашылық кешендерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжілістің мәліметінше, депутаттар Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекенінде орналасқан банан өсірілетін жылыжай кешенімен танысты. 5,3 гектар аумақты алып жатқан кешенде ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнім жерсіндіріліп, банан өсіру ісі қолға алынды. Мұнда жылына мың тонна өнім өндіріліп, ішкі нарықты қамтамасыз етуде. Кешен директоры Тимур Өтешевтің айтуынша, 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1,056 млрд теңгені құрап отыр.
Мәжіліс депутаттары кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіріп, елімізге ғана емес, тұтас ТМД кеңістігіне таңсық банан шаруашылығын табысты жүзеге асырып жатқанына ризашылығын жеткізді. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қазақстандық аграрлық сала мамандарын жаңа технологияларға үйретуге шақырды.
Аграрлық саланы заман талабына сай дамыту мәселесіне назар аударған Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында берген тапсырмаларына тоқталды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала ретінде танылып, ол экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс екенін жеткізді. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі екенін айта отырып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесіне баса мән берілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаттары Сарыарық елді мекеніндегі балық өсіру жобасымен де танысты. Дәулеталы Абдраманов жетекшілік ететін бұл кәсіпорын шабақ өсіріп, тауарлы балық өндіру ісін жолға қойған. 259 гектар жерде тоғандар салып, аталық-аналық балық түрлерін өсіріп жатқан кәсіпорын жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтып отыр. Жоба құны 750 млн теңгені құрайды және мұнда тұрақты жұмыс орындары ашылған.
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жастарға қолдау көрсетудің, қабылданған заңдарды халыққа түсіндірудің мәні мен маңызына тоқталды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Атаулы жылға орай, кәсіпорындардың, шаруашылықтардың жұмысымен танысып, болашағынан үміт күттіретін кәсіби мамандарды партиялық қызметке тартуды мақсат етіп отырмыз. Біз өз ісінің білікті маманы саналатын жастарға қолдау көрсетуіміз қажет. Қазір жылыжай шаруашылықтары қарқынды дамуда. Оған дәлел – банан өсіретін жылыжай шаруашылығының жұмысы. Елімізде жаңа Су кодексі қабылданды, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін құқықтық механизмдер түзілді. Нәтижесінде еліміз бойынша балық шаруашылығы ілгері қадам басып келеді, – деді Қайрат Балабиев.