Қазақстанда алаяқтарға аударылған ақша бұғаттала бастады

Кеше, 13:12
324
Бөлісу:
Қазақстанда алаяқтарға аударылған ақша бұғаттала бастады

Интернет-алаяқтықтан келген шығын көлемі аса үлкен. Қазақстанда жұмысын бастаған антифрод-орталық алғашқы жарты жылда азаматтардың 967 млн теңгесін сақтап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Finprom.kz деректеріне сілтеме жасап.

2024 жылдың шілдесінде ҚР Ұлттық банкі ашқан мәлімет алмасу орталығы күдікті аударымдарды анықтап, бұғаттау мүмкіндігін беретін цифрлық платформаға айналды. 2024 жылдың 6 желтоқсанына дейін орталық 11,7 мың алаяқтық әрекетті тіркеген. Олардың 65,5%-ын, яғни 7,7 мың жағдайды құқық қорғау органдары анықтады. Қалған күдікті әрекеттер туралы мәліметтерді қаржы нарығының қатысушылары – банктер, төлем ұйымдары, ұялы байланыс операторлары жеткізген, — делінген материалда.

Цифрлық платформа күдікті операцияларды нақты уақыт режимінде бақылап, жіберуші және қабылдаушы банктердің тарапынан бұғаттауға мүмкіндік береді. Бұғатталған қаражаттың 78,7%-ын (760,9 млн теңге) банк жіберуші анықтаса, 206,1 млн теңгені қабылдаушы банк бұғатталған.

Антифрод-орталық мәліметтері бойынша, тіркелген алаяқтық әрекеттердің негізгі бөлігін телефон арқылы алдау (25,5%) құраған. Екінші орында – жалған инвестиция ұсыныстары (18,9%). Үшінші орында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі алаяқтық (17,6%). Сондай-ақ, жалған тауар сату, фишингтік сайттар және басқа әдістер арқылы жасалған қылмыстар да тіркелген, — делінген материалда.

Орталықтың жұмысын пайдаланып, алаяқтар өздерін осы орталықтың қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке мәліметтерді сұрау немесе күдікті сілтемелерге өту туралы алдаулар ұйымдастырып жатыр. Ұлттық банк өкілдері бұл жалған ақпарат екенін ескертіп, антифрод-орталықтың жеке тұлғаларға қоңырау шалмайтынын, тек қаржы мекемелерімен жұмыс істейтінін ескертеді.

2023 жылы интернет-алаяқтар азаматтардан 11,4 млрд теңге алған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,8 есе көп. Зардап шеккендердің басым көпшілігі жеке тұлғалар (11 млрд теңге), сондай-ақ заңды тұлғалар (385 млн теңге) мен мемлекеттік ұйымдар (8,4 млн теңге). Қайтарылған қаражат көлемі тек 36,6%-ды құрады, ал қалған 7 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылмады.

Өзгелердің жаңалығы