Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы Люк Триангл елордада өткен Кәсіподақтар федерециясының XXVII съезінде ең төменгі жалақының мөлшерін 85 мың теңгеден көтеру керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшы ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты ойын айтты. Сөзінше, бұл мәселе – Халықаралық еңбек ұйымы конвенциясының негізгі талаптары.
Елде 85 мың теңге ең төменгі жалақы деп бекітілген. Бірнеше күн бұрын Алматыда болдым, енді міне қазір Астанадамын. 85 мың теңге күнкөріс үшін жетпейтінін айтқым келеді. Ең төменгі жалақы мөлшері өсуі керек. Ол – 85 мың теңге өте аз. Ол күнкөріс үшін жеткіліксіз. Сіздер өмір сүруге жетерліктей айлық берулеріңіз керек. Қазақстан дәл осы үшін күресуі тиіс, - деді халықаралық сарапшы Люк Триангл съезде.
Сонымен қатар сарапшы алдағы уақытта қазба отындарға деген сұраныс біртіндеп азаятынын атап өтіп, еліміздің батыс аймағында шоғырланған мұнай-газ саласының жұмысшылары үшін жаңа жұмыс орындарын құруды ұсынды.
Бұл өңірге болашақ индустриясын табу қажет. Мұнай-газ саласында жұмыс істейтін мамандар үшін жаңа өндірістер қалыптастырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу керек. Егер климаттық өзгерістер салдарынан бұл қызметкерлер жұмыссыз қалатын болса, бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік кәсіподақтар қауымдастығы үшін де күрделі мәселеге айналады, – деді ол.
Сондай-ақ Люк Триангл Қазақстанға жұмысшыларды әлеуметтік тұрғыда қорғау шараларын күшейтуді ұсынып, гендерлік теңдік мәселесіне назар аударды.
Бірдей жұмысты атқаратын әйелдердің ер адамдарға қарағанда аз жалақы алуына ешқандай негіз жоқ. Бірдей еңбекке – тең жалақы болуы тиіс. Осы бағытта белсенді жұмыс істеп, өзгелерге үлгі болыңыздар, – деді Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы.
Еске сала кетейік, Астанада Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтіп жатыр. Съезге 300-ге жуық адам қатысуда.